Туберкулезге шалдыққан адамның ағзасы басқа адамға салынуы мүмкін - Жақсылық Досқалиев

0
1 324

Мәйіттік донорды тиімді пайдаланып, жұқпалы ауруларды емдеу жолын қарастыру ұсынылды.


Туберкулезге шалдыққан адамның ағзасы басқа адамға салынуы мүмкін - Жақсылық Досқалиев

ERNUR.KZ. Ақтөбеде трансплантация орталығы мен мәйіттік донорды дамытуға қатысты жиын өтті. Трансплантолог Жақсылық Досқалиев Кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілсе, ВС гепатиті мен туберкулез, сифилиске шалдыққандардың ағзалары өзге адамға салынуы мүмкін екенін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Астана мен Алматы, Шымкент, Ақтөбедегі трансплантация орталығына ортақ бір проблема бар. Мәйіттік донор саны тым аз, ал кезек күтіп отырғандар саны ай сайын өсіп келеді. Сондықтан орталық «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, жұқпалы дерті, созылмалы ауруы бар адамдардың да ағзасын пайдалануға рұқсат сұрап отыр. Яғни, мәйіттік донорды тиімді пайдаланып, жұқпалы ауруларды емдеу жолын қарастыру ұсынылды.

«Елімізде трансплантация дамып жатыр. Бірақ мәйіттік донор тапшы. Біріншіден, 100 донор анықталса, оның 70 пайызының ағзасы жарамсыз болып шығады. Биыл 42 мәйіт зерттелсе, содан тек тоғыз адамның ағзасы алынды. Өзгесі инфекция болған соң алынбады. ВС гепатиттері, сифилис, туберкулез анықталды. Заң бойынша біз ол адамдардың ағзасын алып, кезек күтіп жатқан адамға сала алмаймыз. Дамыған елдер мұндай ағзаны алып-салуға мүмкіндік береді. Келер жылдан бастап біз де осы әдісті қолдануымыз мүмкін. Заң қазір Парламентте талқыланып жатыр», - деді трансплантолог Жақсылық Досқалиев.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, қазіргі күні елімізде 2250 адам - бүйрек, 450 адам - бауыр, 150-ге жуық адам - жүрек ауыстыру отасын күтіп жүр. Ал 10-ға жуық адам жасанды тыныс алу аппаратына қосулы жатыр. Оларға өкпе ауыстыру қажет. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске балалардың ағзасын ауыстыру туралы өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Қазір мұндай отаны мемлекет өзге елге тапсырыс беріп, жасатып жүр.

«Балаларға да мәйіттік донорды пайдалануды көздеп отырмыз. Қазақстанда бүйрек, бауыр, жүрек ауыстыруды қажет ететін балалар бар. Қазіргі кезде салмағы 5 келіден асатын балалардың ағзасын ауыстыру отасы елімізде жасалып жүр. Өзгесін шетелде жасатады», - деді Жақсылық Досқалиев.