"Туған күнін атап өттік": Шаханов ауруханаға түсті

0
1 101

​2 шілде күні түнде ақынның мазасы қашып, жедел жәрдем шақырған. 3 шілдеде түнде Алматыда ауруханаға жатқызылды.


ERNUR.KZ. 78 жастағы Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов екі өкпесі қабынып, ауруханаға түсті. Бұл ақпаратты "Жалын" журналындағы ақынның орынбасары Құдияр Біләл растады, деп жазады Sputnik Қазақстан.


"2 шілдеде Мұхтар Шахановтың туған күні болды. Соны редакцияда кішігірім атап өттік. Оның алдында шамалы мазасы болмай жүрді, бірақ қатты ауырған жоқ. Жөтел секілді аурудың белгілері болмады. Өзі үнемі қозғалыста жүретін адам болған соң кейінгі кездері көп демалғысы келе берді", - деді Шахановтың орынбасары.


Айтуынша, 2 шілде күні түнде ақынның мазасы қашып, жедел жәрдем шақырған. 3 шілдеде түнде Алматыда ауруханаға жатқызылды.


"Өкпенің қабынуына қарсы ем алып жатыр. Қазір көңіл күйі жаман емес. Алайда ауруханадан шыққысы келіп отыр. Дәрігерлер тағы бірнеше күн бақылауда болып, емделуі қажет екенін айтып, рұқсат бермеді. Тағы 1-2 күн ауруханада болады. Коронавирус емес екені анықталды", - деді Біләл.


Айта кетейік, Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Шаханов 2004 жылдан бері "Жалын" журналында бас редактор қызметін атқарып келеді.