"Тұлғалық өсу тренингі" фильмі бірден үш кинофестивальге қатысады

0
1 081

Қазақстандық көрермендерге бұл фильм осы жылдың ақпан айында ұсынылған болатын.


ERNUR.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген Фархат Шәріповтың "Тұлғалық өсу тренингі" фильмі жақын арада өтетін бірден үш халықаралық кинофестивальге қатысады. Ең алдымен бұл кинотуынды Үндістанның Асама қаласында өтіп жатқан 3-ші Guwahati IFF (31 қазан - 6 қараша аралығында) фестивалінің бағдарламасы аясында көрсетіледі, деп жазады Тengrinews.kz.

Сонымен қатар бұл фильмді қарашаның 1-і мен 8-і аралығында Беларуссияның астанасы - Минскіде өтетін 26-шы "Листопад" кинофестивалінде көруге болады. Фархат Шәріповтың кинотуындысы осы фестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасына қатысады. "Тұлғалық өсу тренингі" фильмі қатысатын келесі фестиваль - Лос-Анджелестегі (АҚШ) қарашаның 6 мен 14 аралығында өткізілетін Asian World Film Festival атты кино байқауы. Айта кетсек, бұл кинофестивальде "Қазақфильмнің" басқа да фильмдері көрсетіледі.

Фархат Шәріповтың "Тұлғалық өсу тренингі" фильмі қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін кешіп жүрген, өмірден ештеңе күтпейтін банк қызметкері Қанат (Дулыға Ақмолда) туралы баяндайды. Бір күні бас кейіпкер коуч-тренердің (Әнуар Нұрпейісов) өмірде табысқа жету және көшбасшы болу жайлы тұлғалық өсу тренингіне қатысады. Көшбасшылықтың қыр-сырын түсініп, біраздан бері көрмеген танысы Даниярды (Ержан Тусупов) кездестіргенде, оның өмірге деген көзқарасы өзгереді.

"Әлемнің түкпір-түкпірінде біздің фильмнің көрсетілетініне қуаныштымын. Шетел көрермендерінің көңілдерінен шығатынына үміттенемін", - деді Фархат Шәріпов.

Айта кетсек, "Тұлғалық өсу тренингі" фильмі биыл сәуір айында қазақ киносының тарихында алғаш рет 41-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде Бас жүлдеге ие болды. Байқаудың бас жүлдесі үшін берілетін "Алтын Георгий" сыйлығын Фархат Шәріповқа фестивальдің халықаралық қазылар алқасының төрағасы, атақты корей режиссері Ким Ки-дук табыстады. Сонымен қатар аталған фильм XV халықаралық "Еуразия" кинофестивалінде де Бас жүлдеге қол жеткізген болатын.

Отандық кинотуынды биыл жаз айында ресейлік прокатқа шықты. Ал қазақстандық көрермендерге бұл фильм осы жылдың ақпан айында ұсынылған болатын.