Төбелескен балалар небәрі 9 және 10 жаста.
ERNUR.KZ. Желіде Қостанайда оқушылар арасында болған жантүршігерлік төбелестің видеосы тарады, деп жазады tengrinews.kz.
Видеода спорт алаңында мектеп оқушылары төбелесіп, бірі екіншісін тұншықтырғаны көрсетілген. Тұншыққан бала есінен танып жерге құлайды, ал қарсыласы кетіп қалады. Ал, басқа балалар футбол алаңын айнала қоршап тамашалайды.
Желі қолданушылары балалардың қатыгездігіне ғана емес, видео авторының терезеден айғайлап болсын төбелесті тоқтатпағанына ашуланды.
ПД мәліметінше, оқиға қала аудандарының біріндегі спорт алаңында болған. Төбелескен балалар небәрі 9 және 10 жаста екен.
"Ювеналды полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында төбелес болғанын анықтады. 9 жасар бала тұншықтыру салдарынан жерге құлаған. Балалар ата-аналарына ештеңе айтпаған. Ата-аналары төбелес туралы WhatsApp желісінде тараған видеодан білген. Бүгін бұл факт мектептегі жасөспірімдердің ата-аналары, мұғалімдер мен ювеналды полиция қызметкерлері шақырылған профилактикалық кеңесте қаралады", - деп хабарлады Қостанай облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.