Тұрғын үй субсидиясы: 1 шаршы метрді жалдау құны неше теңгеден аспауы керек

0
857

Бұл шек мемлекет төлейтін субсидияның межесін анықтау үшін белгіленбек.


Тұрғын үй субсидиясы: 1 шаршы метрді жалдау құны неше теңгеден аспауы керек

ERNUR.KZ. «Отбасы банк» акционерлік қоғамы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай тұрғын үй жалдау субсидиясының аясында 1 шаршы метр баспанаға неше теңге төленетінін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Субсидия арқылы жалға алынатын пәтерлерді жалдау құны белгіленген. Бұл жерде әділетті болу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігінің тарапынан әр қалаға байланысты коэффициенттер жасақталып жатыр. Заң жобасы бар, бірақ әлі бекіген жоқ», - деді Жансұлтан Матай «Хабар» телеарнасындағы «Бүгін» бағдарламасында.

Оның сөзіне қарағанда, бұл шама жалға алынатын пәтердің қай қалад орналасқанына байланысты белгіленбек.

«Қазіргі жоба бойынша бір шаршы метрдің құны айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тікелей байланысты болады. Бүгінгі таңда 1 АЕК 3063 теңге болса, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 1,11 коэффициент қойылады. Яғни, жаңағы айлық есептік көрсеткішті соған бөлген кезде Нұр-Сұлтан қаласындағы 1 шаршы метрдің құны 2759 теңгенің шамасында шығып отыр. 40 шаршы метрге көбейтсек, бір бөлмелі пәтердің жалдау құны 110 мың теңгеден аспауы керек. Осы соманың жартысын отбасы өз төлейді, жартысын үкімет өзі өтеп береді. Ал 3 бөлмелі үйді жалдаса, бұл жерде 220 мыңның шамасында болып тұр. Яғни, 220 мың теңге келісімшарт жасалуы керек, соның 110 мың теңгесін мемлекет субсидиялайды», - деді «Отбасы банк» өкілі.

Бағдарлама барысында қазір Нұр-Сұлтан қаласныда 40 шаршы метр пәтердің жалдау құны 110 мың теңгеден әлдеқайда жоғары екені айтылды.

Жоба авторларының айтуынша, пәтер жалдау құны осы мөлшерде болу керек деген талап жоқ.

Бұл шек мемлекет төлейтін субсидияның межесін анықтау үшін белгіленбек.