Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды түркітілдес мемлекеттердің өкілдері де қатысуда.
Түркі әлемі қазақ халқының ұлттық құндылықтарымен танысып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Әзірбайжан Республикасының Шуша қаласында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен «Түркі әлемінің мәдени астанасы - Шуша 2023» іс-шарасы және «Хары-бюльбюль» халықаралық фольклорлық фестивалі өтіп жатыр. Аталмыш іс-шараларға Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды түркітілдес мемлекеттердің өкілдері де қатысуда.
Ауқымды іс-шараға қазақстандық қолөнершілер делегациясын «Turkistan Qol Oner Одағының» төрайымы Икапова Индира Сарқытқызы бастап барған. Олар фестивальдің алғашқы күнінен бастап көпшілікке қазақтың ұлттық тағамдарын, қолөнер шеберлерінің ең үздік бұйымдары қойылған көрме-жәрмеңкені ұсынып, түркі халқының ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Ал, бүгін Шушадағы мәдени іс-шараларға түркітілдес мемлекеттердің мәдениет министрлері арнайы қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та болды. Түркі мемлекеттерінің министрлері қазақ халқының құндылықтарымен танысып, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты.
Сонымен бірге, делегация жетекшісі Индира Икапова Әзірбайжан Республикасының мәдениет министрі Адиль Керимлиге Қожа Ахмет Ясауи туралы кітапты сыйға тартты.
Айта кетсек, бұл бағыттағы рухани-мәдени іс-шаралар 14 мамырға дейін жалғасатын болады.