Түркияда жол апатынан қаза тапқан қазақстандық әйелдің туыстары істі бақылауға алуды талап етті

0
494

Әлия Құлмағамбетованы Түркияның Алания қаласында көлік соғып кеткен.


Түркияда жол апатынан қаза тапқан қазақстандық әйелдің туыстары істі бақылауға алуды талап етті

ERNUR.KZ. 38 жастағы Әлия Құлмағамбетова 13 қазанда Түркияның Алания қаласындағы тасжолда қаза тапты. Әйелдің туыстары Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратурасынан істі бақылауға алуды сұрап отыр, деп жазады zakon.kz.

Әлия Құлмағамбетованы Түркияның Алания қаласында көлік соғып кеткен. Оның туыстары 2023 жылғы 18 қазанда Facebook-те жазба жариялады. Онда марқұм бағдаршамның жасыл түсі жанғанда жолды кесіп өткені айтылған.

"Өмірдегі ең ауыр нәрсе – жақын адамыңнан айырылу! Жұма, 13-і күні біз қарындасымыз Әлия Құлмағамбетовадан айырылдық. Ол небәрі 38 жаста еді. Оның бүкіл өмірі алда және көптеген жоспары бар еді. Оны Аланияда (Түркия) D 400 тасжолы, Кестельде көлік соғып, мерт қылды. Полицияның мәліметінше, ол бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде жолды дұрыс жерден кесіп өткен. Сонымен қатар жол бөлгіш тормен қоршалған, тергеу жүріп жатыр. Жүргізуші барлық мән-жай анықталғанша үйіне жіберілген, ол жас қыз екен, - деп жазды марқұмның ағасы Бағдат Құлмағамбетов.

Марқұмның ағасы Бағдат Құлмағамбетов ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратураға жол апатынан қаза тапқан қарындасының өліміне қатысты тергеуді бақылауға алуды сұрады.

Оның айтуынша, жол апаты 3 қыркүйекте қазақстандық әйел мен оның екі жасар қызы қаза тапқан жолда болған. Кейін марқұм атыраулық журналист Арайлым Бағытжан екені белгілі болды, оның күйеуі ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.