Тұрсынбек Қабатов депутаттарға заңды сыйақысын ала алмайтынын айтып шағымданды

0
386

​Депутат отырыстарының бірінде танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов көтерген мәселе жайында айтып берді.


Тұрсынбек Қабатов депутаттарға заңды сыйақысын ала алмайтынын айтып шағымданды

ERNUR.KZ. Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов зияткерлік меншік мәселесіне арналған отырысқа қатысып, әнші-актерлердің сыйақы алу проблемасын көтерді, деп жазады sputnik.kz.

Зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілетін түзетулер талқыланды. Осы құжатты таныстырған депутат Гүлнәр Бижанова комитет отырыстарының бірінде танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов көтерген мәселе жайында айтып берді.

"Кеше біз комитеттің кеңейтілген отырысында осы сұрақты талқылаған кезде халықтың сүйіктісі, актеріміз Тұрсынбек Қабатов (онлайн режимде – Sputnik) қосылды. Сонда ол кісі "біз айыппұл, коммуналдық төлем мен салықтың түбіртектерін уақытында аламыз", ал өзіміздің заңды сыйақымызды ала алмаймыз деп шағымданды. Жарайды, біз, жастар өз құқығымызды білеміз, бірдеңе қылып оны аламыз, алайда үлкен кісілерге қиын дейді. Олардың ішінде композиторлар мен авторлар бар. Сондықтан осы нормаларды енгізгені дұрыс деп, сол үшін рақмет айтты", - деді Бижанова мәжілістің жалпы отырысында.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин болса, әріптесінің сөзін әзілмен жалғастырды.

"Бәсе, кеше комитеттің отырысы үш жарым сағатқа созылды. Не істеді десем, Тұрсынбекті тыңдаған екенсіңдер ғой", - деді Нығматулин.

Айта кетейік, заң жобасы құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар мен Қазақстан Республикасының патенттік сенім білдірілген өкілдері қызметінің ашықтығын күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ, құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйым қызметінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын тетікті әзірлеуге мүмкіндік береді.

"Өйткені онда авторлар мен құқық иеленушілердің қаражаты жинақталып, олардың өздері төлем, сыйақы төлеуді жүргізеді және өз құқықтарын пайдаланады. Осыған байланысты ұжымдық құқықтарды басқару жөніндегі ұйымның жиналған және төленген сыйақыға қатысты, пайдаланушылармен шарттар туралы, аудиторлық қорытындылар, сондай-ақ ұқсас ұйымдар арасында өзара мүдделерді білдіру туралы шарттар жасасу туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында, оның ішінде автордың, құқық иеленушінің жеке кабинеті арқылы орналастыру бөлігіндегі міндеттері нақтыланады", - деп атап өтті депутат Гүлнәр Бижанова.

Оның айтуныша, ұжымдық ұйым сыйақы жинау, бөлу және төлеу жөніндегі нақты шығыстарды жабуға жіберетін соманың, сондай-ақ арнайы қорларға жіберілетін соманың шекті мөлшері белгіленеді. Олар жиналған сыйақының жалпы сомасының 30 процентінен аспауға тиіс.