​"Тыйым салу керек": қазақстандық дәрігер денсаулық министрлігіне үндеу жасады

0
823

​Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес, коронавирустан қорғану үшін қолды жиі жуып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, қоғамдық жерлерде таза қорғаныс маскаларын тағу керек.


​

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық орындарда дезинфекциялық тоннельдер мен кілемшелер болуы керек деген талап қойған болатын. Көптеген қазақстандықтар мұнымен келіспейді, деп жазады sputnik.kz.

Дәрігер, америкалық AAFP қауымдастығының мүшесі Дмитрий Киреев осындай әдістен кейін көптеген тұрғындар дәрігер көмегіне жүгінетінін мәлімдеді.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамдарға дезинфекциялық құрал себу қажет емес екенін айтады. Мұның еш керегі жоқ. Керісінше, зиян болуы мүмкін. Психологиялық әсері де бар. Мұндай әдіс адамның тер, сілекей арқылы инфекция жұқтыру қаупін азайтпайды. Әсіресе, балалар мен созылмалы ауруы бар адамдар үшін зиян", - деді дәрігер.

Тәжірибелі маманның айтуынша, шамадан тыс дезинфекция салдарынан тері мен шырышты қабық тітіркенеді. Бұған қоса, мұндай тоннельден өтсе де, науқас адамдар өзгелерге вирус жұқтыра береді.

"Біз коронавируспен күресте тиімсіз әрі қауіпсіздігі күмән тудыратын әдістерден бас тартуды сұраймыз. Тоннельдер, кілемшелер, кіреберіс, көше мен киімге дезинфекциялық құрал себу солардың қатарында. Өз халқымыздың денсаулығына зиян келтірмейік", - деді Киреев.

Дәрігер бір рет қолдануға арналған қолғаптардың да зиян екенін де атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық орындарда қолғап кию COVID-19-дан қорғай алмайды. Сатушылар, кассирлер және өзге қызметкерлердің ұзақ уақыт бойы қолғап киюі денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бұған қоса, инфекция өзге адамдарға жұғуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес, коронавирустан қорғану үшін қолды жиі жуып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, қоғамдық жерлерде таза қорғаныс маскаларын тағуы керек.