Үкімет биыл ел экономикасы кемінде 5,3%-ке өседі деп болжап отыр

0
445

Қазақстан ТМД елдері арасында шетелдік инвестиция тарту бойынша көш бастап тұр.


Үкімет биыл ел экономикасы кемінде 5,3%-ке өседі деп болжап отыр

ERNUR.KZ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 5,1%-ке өсті, деп жазады sputnik.kz.

Негізгі салалардың барлығы оң динамика көрсетті: құрылыста – 13,3%, саудада – 11,3%, ақпарат және байланыс қызметтері – 7,1%, көлік қызметі – 6,9%, өнеркәсіп – 4,3%.
"Негізгі капиталға салынған инвестиция 13,7%-ға өсті. Бұл ретте 2023 жылдың 9 айында тікелей шетелдік инвестиция көлемі $19,7 млрд-ты құрады. Оның ішінде $11 млрд-тан астамы шикізаттық емес секторларға бағытталған", - деп жазылған хабарламада.
Жалпы 2 жыл қатарынан тікелей шетелдік инвестиция көрсеткіштері соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне айналды – олардың жылдық көлемі $26-28 млрд деңгейінде. Қазақстан ТМД елдері арасында шетелдік инвестиция тарту бойынша көш бастап тұр.
2023 жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымы 2,2%-ға өсіп, $126 млрд-ты құрады. Оң сауда балансы $16 млрд-тан асты. Шикізаттық емес экспорт номенклатурасы 141 позицияға өсті.
Еліміздің халықаралық резервтері $96 млрд-ты құрады, оның ішінде Ұлттық қордың активтері $4 млрд-қа өсіп, $60 млрд-тан асты. Халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстан экономикасының тәуелсіз рейтингі мен инвестициялық сенімділігін растады.
Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі кешенді шараларды іске асыруда. Нәтижесінде өткен жылы ол 2 еседен астам төмендеп, 9,8%-ды құрады. 2024 жылы инфляцияны 6-8% деңгейінде ұстау міндеті қойылды.
"2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,3%-дан кем болмауға тиіс", - деп жазылған үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Үкімет экономиканы белсенді әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және азаматтардың әл-ауқатын едәуір жақсарту бағытында жұмыс істеп жатыр. Мұның бәрі 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттыруға берік негіз болады.