Кәріз-тазарту жүйесінің құрылысы 2023-2028 жылдар аралығында жүргізіледі.
ERNUR.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қалаларда кәріз-тазарту құрылысына қанша қаражат қажет екенін айтты, деп жазады sputnik.kz.
Айтуынша, республика бойынша 89 қаланың 27-сінде кәріз-тазарту құрылысы жоқ, 41 қалада тозу деңгейі 60%-дан асып кеткен. 3 қалада жобаларды іске асыру басталды, олар: Сарыағаш, Атырау, Форт-Шевченко қалалары.
Келесі жылы Ақтау, Ленгер және Шымкент қалаларында 3 жобаны жүзеге асыруға қаражат қаралған.
"Қалған 62 қала бойынша министрлік қаржыландырудың екі тәсілін әзірледі. Біріншісі - халықаралық қаржы ұйымдарының қарызын мемлекеттік кепілдікпен тарту. Аталмыш тәсіл халық саны 45 мың адамнан асатын 26 ірі қалада кәріз-тазарту ғимарттарының құрылысына қолданылады. Екіншісі - республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асырылады. Бұл тәсіл халық саны 45 мың адамнан аспайтын 36 шағын қалада жүзеге асатын жобаларға қатысты", - деді Өскенбаев үкімет отырысында.
Айтуынша, мемлекеттік кепілдікпен тартылатын халықаралық қаржы ұйымдарының қарызы 15 жылға беріледі.
"Халық саны 45 мың адамнан асатын 26 ірі қаладағы жобаларды іске асыру үшін 403 млрд теңге шамасында қаражат қажет", - деді министр.
Қарызды қайтару үшін екі әдісті қолдану жоспарланған: тариф және республикалық және жергілікті бюджет субсидиялары.
"Республикалық бюджеттен бөлінетін субсидиялар көлемі қарыз бойынша негізгі борыштың жалпы сомасынан аспайды. Бұл тетік тарифтің кезең-кезеңімен өсуін қажет етеді. Бұл мәселе президенттің "Инвестицияның орнына тариф" жаңа тарифтік саясаты жөніндегі тапсырмасы аясында пысықталып жатыр", - деді ол.
Ал халық саны 45 мың адамнан аспайтын 36 шағын қалада жобалар республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асырылады. Жобалардың болжамды құны – шамамен 76 млрд теңге.
Өскенбаев жобалардың түпкілікті құны жобалық-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін айқындалатынын атап өтті.