ҰҚК "Борат24" интернет-дүкенін ашқан қылмыстық топты ұстады

0
652

Трансұлттық есірткі құрылымына 34 қатысушы ұсталып, 8 есірткі зертханасы жойылды.


ҰҚК

ERNUR.KZ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті трансұлттық қылмыстық топты ұстады, деп жазады Tengrinews.kz.

2020 жылдың сәуір-қазан кезеңінде ҚР ҰҚК шетелден ҚР-ға синтетикалық есірткі жеткізуді, сондай-ақ оларды жасауды және "Борат24" интернет-дүкені арқылы сатуды жүзеге асырған трансұлттық қылмыстық топ әрекетінің жолын кесу бойынша ауқымды операция өткізді.

"Трансұлттық есірткі құрылымына 34 қатысушы ұсталып, 8 есірткі зертханасы жойылды. Еліміздің ірі мегаполистері – Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентке контрабандалық жолмен әкелінген 40 келі психотроптық зат алынды. Алынған есірткінің қара нарықтағы бөлшек құнының болжамды бағасы - 600 миллион теңге (80 мың мөлшерлеме).
Одан басқа, "биткоиндар" сатып алу және оларды шетелге шығару бойынша қаржы операцияларын жүзеге асыру жолымен есірткі сатудан алынған ақшалай қаражатты заңдастыруды ұйымдастырған заңсыз криптоайырбастауыштар әрекетінің жолы кесілді", - делінген хабарламада.

Бұл ретте алынған ақшаны заңдастыру үшін көмекшілер жасаған 6 жылжымалы майнинг ферма анықталды. Есірткі құрылымының көмекшілері 2 жылда (2018 жылғы қаңтар мен 2019 жылғы желтоқсан аралығында) 2,5 миллиард теңгеден аса соманы заңдастырған.

Көрсетілген деректер Қылмыстық Кодекстің 297-бабы 4-тармағы, 264-бабының 2-тармағы, 286-бабының 4-тармағы және 218 бабының 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді.