2 наурызда биржалық сауда-саттықта ұлттық валютаның айырбастау бағамы дүйсенбі күнгі сауда-саттықтың орташа бағамынан 2,36 теңгеге әлсіреп, бір доллар 420,40–420,80 теңге аралығында саудалануда.
ERNUR.KZ. Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов ұлттық валютаның құлдырауына қандай факторлардың әсер еткенін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, 2 наурызда биржалық сауда-саттықта ұлттық валютаның айырбастау бағамы дүйсенбі күнгі сауда-саттықтың орташа бағамынан 2,36 теңгеге әлсіреп, бір доллар 420,40–420,80 теңге аралығында саудалануда.
Өткен аптаның жабылуынан бері теңге 3,2 теңгеге немесе 0,8%-ға әлсіреді.
«Ұлттық валютаның әлсіреуі үш басым факторға: ОПЕК+ отырысы қарсаңында мұнайға баға белгілеудің құлдырауына, әлемдік нарықтарда АҚШ долларының нығаюына және Қазақстандағы салық төлемдері кезеңінің аяқталуына байланысты болды. Аптаның басынан бастап мұнайдың бағасы өткен аптада қол жеткізген ең жоғары көрсеткіштерден ауытқып, 5,1%-ға төмендеді. Коронавирусқа қарсы вакциналаудың ілгерілеуі, Сауд Арабиясы тарапынан мұнай өндіруді сәуірге дейін күніне 1 млн баррельге ерікті түрде қысқарту, сондай-ақ АҚШ-та бұрын-соңды болмаған аязға байланысты мұнай өндіруді мәжбүрлі түрде тоқтата тұру жыл басынан бері мұнай бағасының өсуін қолдағанын естеріңізге сала кетейік», - деді Нұржан Тұрсынханов.
Оның пікірінше, мұнай нарығындағы қазіргі жағдай алдағы уақыттағы ОПЕК+ отырысына қатысты алаңдаушылықтың артуына байланысты.
Мұнай өндіру бойынша қазіргі шектеулерді біршама жеңілдету туралы шешім қабылданады деп күтілуде.
Сарапшылар коалиция мұнай өндіруді күніне шамамен 0,5 миллион баррельге ұлғайтады деп болжайды, ал Сауд Арабия тарапынан ерікті шектеулерді жалғастыру екіталай.
Көктемнің алғашқы күнінде АҚШ пен Еуропаның қор биржалары айтарлықтай пайдамен жабылды.
Сенбі күні АҚШ өкілдер палатасы экономикаға 1,9 трлн долларға көмек шараларының топтамасын бекітті. Президент Байден демалыс күндері Сенатты тез әрекет етуге шақырды.
Пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуіне қатысты инвесторлардың алаңдаушылығын бәсеңдетіп, бір аптаға созылған Америка мемлекеттік облигацияларының кірістілік раллиі тоқтады.
Осыған байланысты DXY доллар индексі 90,1-ден 91,2-ге дейін немесе 1,2%-ға өсті.
«Сонымен қатар, өткен аптада Қазақстанда шетел валютасын сатудың неғұрлым жоғары көлемін болжайтын және тиісінше ұлттық валютаның нығаюына ықпал ететін кезекті салық кезеңі аяқталғанын атап өткен жөн»,- дейді Ұлттық банк өкілі.