Көрме 2023 жылдың 6 тамызына дейін жалғасады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Берік Молжігіттің «Менің әлемдерім» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген сәулетшісі, Халықаралық Шығыс елдері сәулет академиясының академигі, Астана қаласы Сәулетшілер одағының мүшесі Серік Рүстембеков: «Берік көпшілікке танымал, өте талантты, атақты сәулетші, ол дүниеге басқа көзбен қарайды», - деді. Қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай Берік Молжігіттің жұртты мойындатқан нағыз кәсіби сәулетші екенін және осындай көрмелерінің көп болуын тілейтінін айтты.
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының Астана қаласындағы филиалының төрағасы Қоңыр Мұхамедиев Берік Ұзақбайұлын көрмесінің ашылуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
«Берік Молжігіт – Қазақстанның белгілі сәулетшілерінің бірі, еліміздің көптеген қалаларындағы белгілі ғимараттардың авторы, түрлі марапаттардың иегері, сәулет және бейнелеу өнерін бірге алып жүретін ерекше талант иесі. Берікке шығармашылық табыс пен осындай көрмелерімен қуанта беруін тілеймін»,- деді өз құттықтау сөзінде суретші, этнограф, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының мүшесі Қалиолла Ахметжан.
Көрмеге Берік Молжігіттің балалық шағын, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, табиғаттың сұлулығын, қалалардағы тіршілікті шебердің көзімен көруге мүмкіндік беретін 80-нен астам кескіндемелік және графикалық жұмыстар қойылды. Сондай-ақ көрмеде автордың қиял әлеміне жетелейтін сәулеттік композициялары мен нобайлары ұсынылады.
Көрме 2023 жылдың 6 тамызына дейін жалғасады.