Видеода Тараздағы «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен тәрбиешісі түсірілген.
ERNUR.KZ. Таразда «Үміт» балалар үйінің тәрбиешісі балаларға қатыгездікпен қарады деп күдіктеліп отыр. Желіде оның қатысуымен түсірілген видео тарағаннан кейін, тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.Бұл туралы Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин жазды, деп хабарлайды stan.kz.
Желіде балалар үйінде түсірілген жантүршігерлік видео тарады. Видео кадрларынан әйелдің балаларға қатыгездік жасағаны көрінеді. Ол балаларды ұрып-соғып, орындыққа отырғызбай, өзін тыңдамағандарды басымен төмен салбыратып ұстаған. Хабарланғандай, видеода «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен тәрбиешісі түсірілген.
Балалар үйіне көршілес тұратын куәгерлердің сөзінше, мекеменің ауласынан тәрбиешілердің айқайы мен балалардың жылаған даусы жиі естіліпті.
Өз кезегінде омбудсмен Аружан Саин Тараздағы білім, денсаулық сақтау басқармалары мен полиция департаментіне тиісті сауал жолдады. Мұнан кейін әкімдік арнайы комиссия құрды.
«Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар полицияға сотқа дейінгі тергеу жүргізу туралы арыз жазды. Сол күні Жамбыл облыстық полиция департаменті балалар үйінің 54 жастағы тәрбиешісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-тармағына (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) сәйкес сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деп жазды Аружан Саин.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің сөзінше, тергеу барысында мекеме қызметкерлерінен жауап алынып, бейнебақылау камераларындағы жазба алынған.
Бүгінде тиісті сараптамалар тағайындалды. Тәрбиеші сот шешімі шыққанға дейін қызметінен шеттетілді.