Ұшақпен химиялық зат шашты, маскада құрт бар: былтыр елімізде жалған ақпарат тарату бойынша 214 іс тіркелген

0
1 571

Фейк ақпараттардың әлеуметтік желілерде көп тарала бастағаны биліктегілерді де бейжай қалдырмады.


Ұшақпен химиялық зат шашты, маскада құрт бар: былтыр елімізде жалған ақпарат тарату бойынша 214 іс тіркелген

ERNUR.KZ. Ұшақпен химиялық зат шашты. Маскада құрт бар. Соңғы кезде осындай мәліметтер желіде кең тарала кетті. Жалпы пандемия басталғалы фейк ақпараттардың саны көбеймесе азаймай тұрғанын мамандар да растап отыр. Статистика комитетінің дерегінше, елімізде былтыр жалған ақпарат тарату бойынша 214 іс тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv

Фейк ақпараттардың әлеуметтік желілерде көп тарала бастағаны биліктегілерді де бейжай қалдырмады. Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов осыған орай Қазақстанда әлеуметтік желілерді реттеуге арналған заң шығару қажет деген еді.


«Сондықтан әлеуметтік желілер туралы заң қабылдау керек деп білеміз. Бұл сөз бостандығын шектеу үшін емес, әлеуметтік желі жүйесін заңнамалық тұрғыда реттеу. Олардың құрылтайшыларын заң алдындағы жауапкершілігін көтеру үшін қажет», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов.


Естеріңізге салайық, өткен жылы спортшы Қуат Хамитов дезинфекция жасаушылар «халықты улап жатыр» деп мәлімдеп, оларды ұрып-соғуға үндеп, ақыры спортшыға қылмыстық іс қозғалған еді. Одан бөлек, әлеуметтік желіге ұлтаралық дүрдараздықты қоздыратын ақпарат таратқан елордалық азамат та екі жылға сотталған. Жалпы Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.


«Мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрнеу жалған ақпарат тарату бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не бір жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – деді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Эльмира Шәуленова.


Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, фейк ақпарат пен шынайы ақпарат арасында айырмашылық жоқ. Өйткені әрбір ақпарат бастапқыда жай мәлімет болып келеді. Тек соны жоққа шығаратын ресми мекемелердің түсініктемесі болғанда ғана ол фейк болады.


«Адамдардан уатсаптан келген хабарламаға теледидардан, интернеттен, ресми сайттардан келген хабарламаға қараған кезде көбірек сенеді. Өйткені уатсаптан жіберіп жатқан кісі бұл досы, жақыны, туысы, танымал бір кісі деген сияқты немесе ол жеке бір адамның парақшасы ол жеке адам ешкімге қатысы жоқ», – деді психолог Ержан Мырзабаев.


Естеріңізде болса, елімізде ақпараттың шын-жалғанын анықтайтын Stopfake.kz сайты іске қосылған болатын. Мысалы, мына фейк тексеру деген батырманы басып, ақпарат жалған ба, жоқ па анықтай аласыз. Яғни, уатсабыңызға келген қандай да бір ақпардың рас-өтірігін анықтағыңыз келсе, осындай сайттардың көмегіне жүгінгеніңіз абзал.