Үштөбеде православ зиратын талқандаған күдікті ұсталды

0
2 269

Психикасында ауытқуы бар Үштөбе қаласының 34 жастағы тұрғыны зираттарды қиратты деген күдікке ілінді.


Үштөбеде православ зиратын талқандаған күдікті ұсталды

Алматы облысының Үштөбе зиратында вандализм жасады деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Психикасында ауытқуы бар Үштөбе қаласының 34 жастағы тұрғыны зираттарды қиратты деген күдікке ілінді. Ұсталған адамның қылмысқа қатыстылығы куәгерлердің айғақтарымен және іс бойынша тағайындалған сараптаманың нәтижелерімен расталды. Зираттарды қорлау қылмысы 16 қаңтарда орын алғаны анықталды. 14 жерлеу орны бүлінген және қираған. Олардың металл қоршаулары қиратылып, ағаш және темір крестер сындырылған. Құлпытас жазбалары мен ескерткіш гүл шоқтары жан-жаққа шашылған. Күдіктінің әрекетінен зардап шеккен зираттар қорымның шет жағында орналасқан.

«Қайтыс болғандардың туыстарына хабар берілді. Тексеру барысында ұрлық деректері анықталған жоқ.

Күдіктінің 60 жастағы анасы қала тұрғындарынан бала кезінен ауыр психикалық ауытқудан зардап шегетін ұлының әрекеті үшін кешірім сұрады. Қаратал ауданының полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 294-бабы «Тағылық» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жалғастыруда.

Күдіктінің психикалық жай-күйі ескеріле отырып, ұсталған адам облыстық психоневрологиялық диспансерге орналастырылды. Дерек бойынша тергеу іс-шаралары Алматы облысы Полиция департаментінің ерекше бақылауында», - делінген полиция ақпаратында.

Естеріңізге сала кетсек, ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Үштөбедегі зиратты қиратқандарды жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берген еді.