"Үтікпен азапталған" Батырбаевтың адвокаты күдікті полицейдің ұсталғанын хабарлады

0
624

Қаңтар оқиғасынан кейін Талдықорғанда қамауға алынған 38 жастағы Азамат Батырбаевтың тергеу изоляторында азапталғаннан кейінгі жантүршігерлік суреттері әлеуметтік желіде жария болған еді.


ERNUR.KZ. Талдықорғанда қаңтардың басында болған дүрбелеңнен кейін қамауға алынып, абақтыда азап шеккен, "арқасына үтік басылған" Азамат Батырбаевтың адвокаты азаптау ісі бойынша күдіктінің ұсталғанын хабарлады, деп жазады azattyq.org.

Батырбаевтың адвокаты Бауыржан Азановтың сөзіне қарағанда, жедел уәкіл болып істейтін полиция қызметкері 27 ақпанда Талдықорғанда ұсталған. Тергеу соты оны қамауға алған.

Адвокат күдіктінің қамалуын "үлкен жеңіс" деп атады, себебі Қазақстанда "азаптау істерінің" сотқа жетіп, айыптау үкімінің шығуы сирек. Алайда енді кінәлілердің жазаға тартылуына қол жеткізу керек деді ол.

Қаңтар оқиғасынан кейін Талдықорғанда қамауға алынған 38 жастағы Азамат Батырбаевтың тергеу изоляторында азапталғаннан кейінгі жантүршігерлік суреттері әлеуметтік желіде жария болған еді.

Суреттен Азамат Батырбаевтың қатты соққыға жығылғанын байқауға болады. Жақындары оны "мойындату үшін" денесіне "ыстық үтік басқанын" айтады.