Қаржы пирамидасы ісі бойынша вайнер Мейіржан Төребаев кепілмен босатылды.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.
Ә.Шындалиев Mudabarah Capital қаржы пирамидасынан қанша адамның зардап шеккенін және қазір қанша адамның қамауда екенін айтып өтті.
"Зардап шеккен адамның тезірек сауығып шығуын тілеймін. Вайнерлер бойынша тоқталсақ, онда 169-дан астам зардап шеккен адам бар, келтірілген шығын 2 млрд теңге шамасында. Қылмыстық жауапкершілікке 14 адам тартылып жатыр, олардың арасында танымал вайнерлер, блогерлер бар", - деді ол.
Ә.Шындалиевтің айтуынша, алты адам қамауға алынған, ал вайнер Мейіржан Төребаев кепілмен босатылды.
"Әр жағдайда бұлтартпау шарасы жекелей қаралады. Барлық жағдайды ескере отырып, яғни тұрақты тұрғылықты жерінің, кәмелетке толмаған балаларының болуы, оның қылмысты жасаудағы рөлі назарға алынады. Осының бәрін ескеріп, сот оған қатысты кепілмен босату бұлтартпау шарасын таңдады", - деді ол.
Бас прокурордың орынбасарының сөзінше, күдіктінің қамауда отырмауы оның кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды дегенді білдірмейді.
"Қазір іс бойынша тергеу аяқталды, яғни таныстыру кезеңі өтіп жатыр. Осы қылмысқа қатысты барлық күдіктінің іс-қимылына баға беріліп, оларға айып тағылды. Бұл рәсімдер аяқталғаннан кейін, оны прокурорға жолдайды. Өз кезегінде прокурор істі сотқа бағыттайды", - деді Бас прокурордың орынбасары.