Вице-министр 42 500 теңге үшін қулық-сұмдық жасағандар туралы айтты

0
692

​Қайтыс болған адамдардың немесе басқа елге көшіп кеткендердің атынан жалған өтініштер берілген, тіпті түрмеде отырғандар да 42 500 теңгеден дәмеленген.


Вице-министр 42 500 теңге үшін қулық-сұмдық жасағандар туралы айтты

ERNUR.KZ. 42 500 теңгеге 8 миллионнан астам адам өтініш берген. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов мәлім етті, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, әлеуметтік төлем алуға 8 миллионнан астам өтініш түскен. Соның ішінде 4,6 миллион адамға 42 500 теңге берілді. Осылайша өтініш бергендердің жартысына жуығының табысынан айырылғаны расталмаған.


"Төтенше жағдай кезінде табысы артқан азаматтар да болған. Соған қарамастан әлеуметтік төлемге өтініш берді. Бұдан бөлек, өтініште көрсетілген мәліметтер нақты деректерге сәйкес келмеді. Табысты екі жақтан алып отырғандар да болды. Сосын қайтыс болған адамдардың атынан немесе басқа елге көшіп кеткендердің атынан жалған өтініштер берілді. Тіпті, түрмеден отырғандардан өтініш түскен. Негізі олар мемлекеттік қамсыздандыру жүйесіне кіреді", - деді Сарбасов бүгінгі онлайн брифингте.


Оның айтуынша, алғашқы айда 3,7 миллион адам төлем алса, екінші айда 2,9 миллион адамға берілді. Қаржының жалпы сомасы 194,2 миллиард теңгені құрап отыр.

Айта кетейік, жақында министрлік әлеуметтік төлем беру ережесіне тағы өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, кері қайтарылған өтініштер қайта қаралады. Ол үшін жұмыспен қамту бөліміне тиісті құжаттарды тапсыру керек. Жалдамалы жұмысшылар үшін жұмыс берушілер өтініш берсе, жеке кәсіпкерлер өздері арыз жазады. Өтініштерді аудандық штаб қарайды.