Вице-министр Астанада мұрнына ота жасалған 13 жастағы баланың көз жұмғанын растады

0
638

Шенеунік тергеу объективті өтетініне сендірді.


Вице-министр Астанада мұрнына ота жасалған 13 жастағы баланың көз жұмғанын растады

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Астанада мұрнына ота жасау кезінде 13 жастағы баланың қайтыс болғанын растады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бұған дейін Астананың №2 қалалық балалар ауруханасында 13 жастағы жасөспірім көз жұмғанын жазған едік. Хирургтар бір үйдің жалғыз баласына мұрнындағы полипті алу үшін ота жасаған.

«Өкінішке қарай, мұндай оқиға болды. Осы сәтті пайдаланып, ата-анасына көңіл айтамын. Қазір қызметтік тергеу жүріп жатыр, сот-медициналық сараптама жасалады. Сараптаманың қорытындысы бойынша біз ресми ақпарат береміз. Болжам бойынша қатерлі гипертермиялық реакция болған, бұл өте сирек кездеседі», - деп мәлімдеді Нұрлыбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды өз бақылауына алған.

Марқұмның әке-шешесі кінәлі дәрігерлер жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды.

«Біз тергеу объективті өтетініне кепілдік береміз», - деп сендірді вице-министр.