«Сонымен қатар «Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары» базасына соғыс кезінде тұтқынға түскен кеңес солдаттарының фильтрациялық істерінен және трофейлік карточкаларынан алынған мәліметтер қосылған.
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық порталында Ұлы Жеңіс күні қарсаңында «Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары» атты сервис ашылды. Оған Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен бұрынғы әскери тұтқындар және Германиядан қайта оралған бұрынғы КСРО азаматтары туралы ақпарат орналастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сонымен қатар «Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары» базасына соғыс кезінде тұтқынға түскен кеңес солдаттарының фильтрациялық істерінен және трофейлік карточкаларынан алынған мәліметтер қосылған.
Сондай-ақ аталған базаға Екінші дүниежүзілік соғыстың 60 мыңнан аса әскери тұтқынына қатысты ақпарат қосылған, олардың басым бөлігі неміс тұтқынында қайтыс болған», - деп атап өтілген министрлік мәліметінде.
Аталған базада олардың тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, ұлты, туған жері (республика, облыс, қала, ауыл), соғысқа дейін тұрған жері, жұмыс орны және лауазымы, әскери атағы, әскери бөлімнің атауы, тұтқынға алу уақыты мен жері, сондай-ақ тұтқында болған жері, мұрағаттық іс нөмірі қамтылған.
«Әскери тұтқындар туралы мәлімет алу тұтқында қайтыс болғандардың туысқандары үшін маңызды ақпарат болып табылады. Сонымен қатар мұндай тарихи деректер Екініші дүниежүзілік соғыс тарихының ақ парақтарын толықтыру үшін тарихшыларға, өлкетанушыларға, журналистерге қажет. ІІМ порталындағы «Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары» сервисі біздің республиканың ғана емес, сондай-ақ таяу және алыс шетелдің азаматтары үшін де қажет болады деген үміттеміз. Цифрланған әскери тұтқындар деректер базасын құру, оны жариялау тарихи әділеттілікті қалпына келтірудегі игі іс», - делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінде.