Заңгер Гауһар Әлімбекованың қандай жағдайда бостандыққа шыға алатынын айтты

0
1 956

Аппеляцияға берген күннің өзінде Әлімбекованың құқықтық жағдайы өзгермейді.


Заңгер Гауһар Әлімбекованың қандай жағдайда бостандыққа шыға алатынын айтты

ERNUR.KZ. Заңгер Орынбасар Тілепбергеновтың айтуынша, жәбірленуші Бақыт Назарова келісімге келгенін айтып, сотқа қайта талап-арыз берген жағдайда 6 жылға сотталған әнші Гауһар Әлімбекова бостандыққа шығуы мүмкін, деп жазады sputniknews.

Ал Гауһар Әлімбекованы сотқа берген Бақыт Назарова 20 жылдан бері базарда сауда жасап жүр.

Қарапайым азаматша кезінде Гауһарға 40 мың доллар тауып беру үшін бірнеше рет несие алып, қарызға белшесінен батқан. Оның сотқа бергендегі мақсаты – әншіні түрмеге отырғызу емес, ақшасын қайтару екен. Өзінің есептеуі бойынша, Әлімбекова оған 51 мың доллар, 10 миллион 500 мың теңге қарыз.

"Осындай ортамызда жағдай болды екен деп мен оны табаламаймын. Оған деген өкпем де, кегім де жоқ. Ал оны мен кешіремін, кешірмеймін дейтіндей мен кіммін Алла тұрғанда? Алла бәріміздің кешірім, тәубәмізді қабыл алатын. Сіздерге айтарым, Гауһарды түсінуге, сөкпеуге тырысыңыздар", – дейді жәбірленуші.

Халық сот Гауһарға тым ауыр жаза берді деп әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр. Алайда заңгер Орынбасар Тілепбергенов әнші тіпті, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді деп отыр. Сот оның бұрын сотталмағаны мен қоғамдағы беделін ескерген. Заңгердің айтуына қарағанда, Гауһар мен оны сотқа берген әйел бітімге келгенде іс осылай аяқталмас еді.

"Аппеляцияға берген күннің өзінде Әлімбекованың құқықтық жағдайы өзгермейді. Өйткені соттан біз өрескел қателік көріп тұрған жоқпыз. Ал жәбірленуші "келісімге келдім" деп, қайта талап арыз беретін болса, онда жағдай өзгеріп, Әлімбекованың босап шығуға мүмкіндігі бар", – дейді заңгер.

Демек, Назарова мен Әлімбекова ымыраға келсе, әншінің бостандыққа шығуы әбден мүмкін.

Айта кетсек, кеше еліміздегі танымал әншілердің бірі Гауһар Әлімбекова алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға сотталды деген ақпарат көпшілікті есеңгіретіп тастады.

Кейіннен әншінің жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейтіні белгілі болды. Сондай-ақ ақын Айнұр Тұрсынбаева: «...Елдің еркелеріне деген құрмет қайда?!» - деп өкпе назын білдірген болатын.