БЖЗҚ-дан алынатын қаржының бір бөлігі елімізде салынатын үш ЖЭО жобаларын бірлесіп қаржыландыруға жоспарлануда. Бағдарлама операторлары “Бәйтерек” пен “Самұрық-Қазына” холдингі болады.
ERNUR.KZ. "Самұрық-Қазына" қоғамдық кеңесінің отырысында "Самұрық-Қазына" АҚ экономика және қаржы бойынша басқарушы директоры Айдар Рысқұлов зейнетақы қорынан алынатын 1,5 триллион теңгенің нақты қандай жобаларға жұмсалатынын айтты, деп жазады stan.kz.
Айдар Рысқұловтың айтуынша, БЖЗҚ-дан алынатын қаржының бір бөлігі елімізде салынатын үш ЖЭО жобаларын бірлесіп қаржыландыруға жоспарлануда. Бағдарлама операторлары “Бәйтерек” пен “Самұрық-Қазына” холдингі болады.
“Біз көмір өндіру жобаларын іске асыратын қаржыны күтіп отырмыз. Өйткені мұндай жобаларды банк тарапынан қаржыландыру лимиті шектеулі. Сол себепті зейнетақы қорынан алынған қаржының бір бөлігін көмір өндіру жобаларына жұмсауды жоспарлап отырмыз”, – дейді Айдар Рысқұлов.
Зейнетақы қорынан алынатын қаражат жобаларды жүзеге асыру барысында қажеттілікке қарай бөлінеді. Оның айтуынша, қаражатты бірден алу мүмкін емес.
Айдар Рысқұлов қаржының нақты қандай жобаларға жұмсалатынын атап өтті.
“Екібастұз ГРЭС-2 жобасы, үшінші және төртінші блоктарды іске асыру үшін қаржат алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, өздеріңізге белгілі, қазір ресейлік серіктестермен Қазақстанда үш ЖЭО салу мәселесі талқыланып жатыр. Яғни, оның белгілі бір бөлігін қаржыландыру жоспарда бар”, – дейді "Самұрық-Қазына" АҚ экономика және қаржы бойынша басқарушы директоры.
Басқарушы директор жобаның қазақстандық мазмұны, сондай-ақ оны жүзеге асырудың экономикаға мультипликативті әсері басты назарға алынатынын айтты. Қаржыландыру шарттарын Ұлттық банк анықтайды. Алайда Рысқұлов мұның 10 немесе одан да ұзақ мерзімге созылатын нарықтық қарыз екенін атып өтті.
Бұған дейін азаматтардың зейнетақы қорынан алынатын 1,5 триллион теңге ірі инвестициялық жобаларға жұмсалатынын жазған едік.