Шілде айында мерзімінен бұрын алынған зейнетақы жинағының сомасы 28,5 млрд теңгеге өсті.
ERNUR.KZ. Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алатын адамдардың саны күрт өсті. Шілде айында өтініштер мен соманың көлемі төрт есеге артты, деп жазады sputnik.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл қаңтар-маусымда қазақстандықтар ай сайын шамамен 7 млрд теңгеден алып отырған. Ал шілде айында мерзімінен бұрын алынған зейнетақы жинағының сомасы 28,5 млрд теңгеге өсті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған ақпаратқа сәйкес, өткен айда зейнетке шыққан азаматтар көп өтініш берген. Себебі 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекстің жаңа бабы күшіне енді. Оған сәйкес, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққандар барлық жинағын алып, тұрғын үйге немесе емдеуге жұмсай алады.
Қазақстанда ондай азаматтардың саны – 62 398 адам. Олар еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алады, қордағы жинағын да толығымен ала алады. Осы санаттағы зейнеткерлердің жинаған ақшасы 91,04 млрд теңгені құрап отыр.
Қазақстанда еңбек сіңірген жылдары үшін зейнеткерлікке күш құрылымдарының қызметкерлері шығады. Олар:
әскери қызметшілер;
арнаулы, мемлекеттік және құқық қорғау органдары;
мемлекеттік фельдъегерлік қызмет.
Заң бойынша еңбек сіңірген жылдары үшін 45 жаста зейнетке шығуға болады. Алайда жалпы еңбек өтілі кем дегенде 25 жыл болуы шарт. Әскери қызметшілер үшін тағы бір талап бар. Олар 25 жылдың ішінде 12 жыл 6 айды үздіксіз атқарып шығуға міндетті.