Жәбірленушіге келтірілген залал 36 миллион 680 мың теңгені құрайды.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында шопан 61 жылқы мен 169 қой сатты деген күдікке ілінді, деп жазады ҚазАқпарат.
Ағымдағы жылдың 15 наурызында Байзақ ауданының полиция бөліміне Тараз қаласының тұрғыны фазендасынан ірі қара және ұсақ малдардың жоғалғаны туралы арызданған. Ол өткен жылдың қараша айынан бастап малдар шопанның бағуымен Байзақ ауданындағы жайылымда болғандығын айтқан. 12 наурызда ол фазендаға келіп, 61 жылқысы мен 169 қойдың жоқ екенін көрген. Жәбірленушіге келтірілген залал 36 миллион 680 мың теңгені құрайды.
«Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі яғни аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл бап бойынша мүлкi тәркiленiп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазасы қарастырылған»,- делінген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ, ведомствоның мәліметінше, полиция қызметкерлері күдікті ретінде 40 жастағы шопанды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алған. Күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Қажетті сараптамалар тағайындалды.