Жамбыл облысындағы оқиға: тасқын су малдарды ағызып әкетті

0
689

Қазір тұрғындар бірігіп қызыл су астында қалған қора-қопсы, ауласын тазартып жатыр.


Жамбыл облысындағы оқиға: тасқын су малдарды ағызып әкетті

ERNUR.KZ. Жамбыл облысы аумағында 20 мамыр күні тағы да сел жүріп, бірнеше елді мекен су астында қалған болатын. Зардап шеккендер оқиғаның қалай болғанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көкарықтықтар катты нөсер кешкі бестер шамасында басталып, арты селге ұласты дейді. Айтуларынша, сай-саламен жүйтки аққан тасқын су жолдағыны жайпап өтіп, ескі каналдарды қоқысқа толтырып тастаған. Соның кесірінен көпірлер бітеліп, тау бөктеріндегі алты ауылды су басыпты. Ал екі кеш арасында не істерін білмей дал болған халық өрістен қайтқан малын таппай әуреге түскен.

«Бірталай майда мал суға ағыпты. Жоғары жақта, Құмарықта. Осы бәле жылда болады негізі. Осыған бір амал болады ма, болмайды ма?»,- дейді Көкарық ауылының тұрғыны Жексентай Сүйінбаев.

«Ағайын, ел-жұрт жиналып мына жерді қазып, күшпен бәрін ашып, суды зорға дегенде тоқтаттық. Былай қарай кетті. Түнгі сағат 11-ге дейін, 12-ге дейін су сарылдап ағып жатты»,- деді Көкарық ауылының тұрғыны Дариға Әбдікерімова.

Тұрғындар мұндай табиғи апаттар екі-үш жылда қайталанып тұрады дейді. Айтуларынша, бұл жолы да күткен көмек кеш келген. Соның кесірінен, 11 үйге судың зардабы тиген.

«Бұдан бөлек жауын салдарынан Өрнек ауылдық округіне қарасты көпірге зақым келді», - деді Жамбыл облыстық ТЖД басқарма бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Гүлнәр Жамантаева.

Қазір тұрғындар бірігіп қызыл су астында қалған қора-қопсы, ауласын тазартып жатыр. Ал өрнектіктер ауыл іргесіндегі жалғыз көпірін жөндеуге кірісіпті. Әзірге табиғи апат салдарынан келген шығын көлемі белгісіз.