Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев биылғы жылдың тоғыз айында қылмыстық құқық бұзушылық өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға төмендегенін атап өтті.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы ведомствоаралық комиссия отырысы өтті, деп жазады ҚазАқпарат.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев биылғы жылдың тоғыз айында қылмыстық құқық бұзушылық өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға төмендегенін атап өтті. Алайда, облыста аса ауыр қылмыс саны артқандығы байқалады.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Темірбек Оразымбетовтің айтуынша, жүргізілген жұмыс нәтижесінде 3 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 372 келі көп,
Оның мәліметінше, жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты 367 учаскелік полиция инспекторы және олардың 85 көмекшісі қызмет ететінін айтты.
«Облыста барлығы 197 учаскелік полиция пункті бар, оның ішінде облыс орталығы Таразда 30, аудандарда - 167», - деген Темірбек Оразымбетов 119 учаскелік полиция пуктіне жөндеу жұмысы қажеттігін атап өтті. Жыл соңына дейін бірнеше ауылда учаскелік полиция қызметкері үймен қамтылады.
Ол биыл жоспар бойынша 5 учаскелік полиция пунктін және 4 модульдік стационарлық бекет салынатындығын жеткізді.
Аймақ басшысы адам өліміне соқтыратын қылмыс пен алаяқтық деректерін азайту үшін қажетті жұмыс жүргізу керектігін айтты.
«Жол-көлік оқиғаларына кінәлі жүргізушілерге қатаң шаралар қолдану керек. Жол бойында жайылған мал иелері қатысты тексеріс жүргізу маңызды, жерілікті қоғамдық ұйымдар, белсенділермен бірігіп түнгі рейдтер жасау қажет. Бұл тұрғыда барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдар бірлесіп жұмыс істеулері керек», - деген Бердібек Сапарбаев.