Жамбылда жол салып жатқан қытайлық компанияның жұмысшылары наразылыққа шықты

0
410

Наразы еңбеккерлердің айтуынша, соңғы үш жыл бойы қытайлық компания ең төменгі жалақы төлеп келген.


Жамбылда жол салып жатқан қытайлық компанияның жұмысшылары наразылыққа шықты

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында «Меркі-Бурылбайтал» тасжолының құрылысын жүргізіп жатқан қытайлық компанияның жұмысшылары жалақыны арттыруды талап етіп, наразылық білдіруде, деп жазады ҚазАқпарат.

Наразы еңбеккерлердің айтуынша, соңғы үш жыл бойы қытайлық компания ең төменгі жалақы төлеп келген.

Еңбек жағдайларын жақсартуды да талап етіп отырған 80-нен астам жұмысшы жұмысқа шығудан бас тартқан.

«10 сағаттық режимде жұмыс істейміз. Жалақымыз оған татымайды. Мұндай жағдайға шыдамайтынымызды екі айдан бері айтып жүрміз. Мұнда, тіпті арнайы киім де жоқ», - дейді жұмысшы Мергенбай Дабылов әріптестерінің атынан сөз алып.

Республикалық маңызы бар тасжолдың бұл бөлігін қытайлық «Синьсин» компаниясы салып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған десек, мұнда қазір 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтыған. Компания өкілі жұмысшылардың айлығы 60 және120 мың теңге аралығында екенін айтады.

«Біз жобаны 2017 жылғы бағамен алдық. Қазір өзіміз де шығынға батып жатырмыз. Құрылыс заттарының құны да еселеп өсті. Сол себепті жалақыны көтере алмай отырмыз», – деген «Синьсин» құрылыс және дамыту компаниясы» ЖШС бас инженері Цюань Ицюань мәселені 3 күн ішінде өздерінің басшылықтарымен ақылдасып, көретіндерін жеткізді.

Осыған орай Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров компания басшылығымен арнайы кездескен.

«Компания басшылығы үш күн ішінде қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі қаралатынын айтты», - дей келе ол жұмысшыларды сабырлыққа шақырды.

Айта кетейік, «Меркі – Бурылбайтал» тас жолының құрылысы Жамбыл облысындағы маңызды нысандардың бірі болып табылады.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары шамамен 90 пайызға аяқталған. Келер жылға дейін толығымен аяқталып, көлік қозғалысы ашылады деп күтілуде.