Былтыр «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан 4 млн теңге несие алып, 20 асыл тұқымды ешкі сатып алған.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысындағы Көкдөнен ауылының тұрғыны Кенжебек Сейдахметов асыл тұқымды ешкі өсірумен айналысып жатыр, деп жазады inbusiness.kz.
Қазір кәсіпкердің қорасында голландиялық «Заннин», пәкістандық «Биттал» тұқымды етті және сүтті ешкілер тұр. Тәулігіне 25 литр сүт беретін «Биттал» тұқымды бір ешкінің құны – 1,5 мың доллар немесе 600 мың теңге шамасында. «Заннин» тәулігіне 5 литр сүт береді. Ешкі сүтінің бір литрі – 400 теңге.
«Мұнда Испаниядан әкелінген асыл тұқымды ешкілер де бар. Бұл ешкінің құны – 370 мың теңге. Мал азығына кететін шығын көп емес. Мәселен, алпыс ешкінің алты ай қыстан шығуына 500 түк жоңышқа, 3 тонна бидай жетіп жатыр. Жылына 3-4 мәрте төлдейтін «Романский», ауғанстандық «Вагир» тұқымды қойларды да өсірудеміз. «Вагир» тұқымды екі айлық қозы 200 мың теңге тұрады. Бабы келіссе, бұл қойдың еті 145 килограмм тартады», – дейді кәсіпкер.
Былтыр «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан 4 млн теңге несие алып, 20 асыл тұқымды ешкі сатып алған. Биыл сол ешкілер алпысқа жетіпті. 6 пайызбен алған несиесін 5 жыл ішінде қайтарады. Қазір Кенжебек өзге әріптестерімен бірге асыл тұқымды ешкіге субсидия төленсе деген мәселені көтеріп жатыр.
«Бұл кәсіпке келуімнің өзіндік себебі бар. Мен Алматыдағы, Тараздағы жоғары оқу орындарында сабақ бердім. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласында лауазымды қызмет те атқардым. Алайда аяқ астынан ауырып, инсульт алып қалдым. Сол кеселімнен ешкінің сүтін ішіп емделіп, тәуір болған соң осы кәсіпке бет бұрдым», – деген Кенжебек өсірген ешкілерінің сүтіне сұраныс жоғары екенін де айтты.
Тіпті есігінің алдынан сатып алып кетіп жатады. Оның үйінен құрт, ірімшік, сүзбе үзілмейді. Кенжебек карантин кезінде де қарап жатпаған. Ғаламтор арқылы ешкі сүтінен тағы не жасауға болатынын зерделеген. Сөйтіп, үш ай онлайн семинарға қатысып, сабын жасаудың әдісін үйреніп шыққан. Балалар қызығу үшін салмағы 80 грамм болатын балалар сабынын ойыншыққа ұқсатып әзірлепті. Есесіне үлкендерге арналған сабын – 700, балаларға арналған сабын 500 теңгеден сатылуда.
«Ешкі сүтінің өзі – ем. Ал мен оған неше түрлі пайдалы қоспа майлар қосамын. Бұл сабынды қолыңа жағып, 4-5 минуттан соң ғана жуу қажет. Бет жарылғанда жақсаң, бірден әсер етеді. Еш химиялық қоспасы жоқ. Таза табиғи өнім, бағасы да соған лайық. Осылайша ешкі сүтінен сабын жасауға қол жеткізіп отырмыз. Мемлекеттен қолдау болса, ешкі өсірумен айналысқысы келетін жастарды тәрбиелер едім», – дейді К.Сейдахметов.