Жамбыл облысы - еліміздің сел қаупі бар аймақтардың бірі.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысының биік таулы аймақтарында морена көлдері мен еріген қар суы су тасқынына алып келуі мүмкін. Бұл болжам облыс аумағында орналасқан морена көлдерін бағалау барысында анықталған, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді. Десе де, департамент мамандары өңірде мұздақ-серпінді көлдер, қар көшкіні және көшкін қаупі бар учаскелер жоқ екенін айтады.
«24 мамырда арнайы комиссия «Еурокоптер ЕС-145» тікұшағымен Жуалы, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында биіктігі 2600 м-ден 4400 м-ге дейінгі белдеуде орналасқан морена көлдерін әуеден шолып шықты. Сонымен қатар, сел қаупі бар учаскелер қаралды. Азаматтық қорғаныс бөлімі, Зілзала қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы және Қазселденқорғау мамандарының міндеті - көлдердің ағымдағы жай-күйін зерделеу», - дейді департаменттің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Айгүл Шахабаева.
Сондай-ақ, комиссия Қырғыз жотасы мен Талас Алатауы тауларында қар қоры азайғанын анықтады. Қазіргі таңда мұздақ көлдердің беті мұзбен және қармен жабылуы тұрақты бақылауға алынған.
«Су тасқыны мен селге байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп халықты, аумақты және шаруашылық жүргізу объектілерін төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу ұсынылды», - дейді А.Шахабаева.
Айта кетейік, Жамбыл облысы - еліміздің сел қаупі бар аймақтардың бірі. Ондағы Қаратау, Алатау және Қырғыз жоталарының биік таулы аймақтары сел болуы ықтимал өңір ретінде танылып, тұрақты бақылауға алынған.