Жаңа көліктерді бұдан былай онлайн тіркеуге болады

0
577

Сатып алушы дайын құжаттарды өзі тұратын өңірдегі мамандандырылған ХҚКО-нан алып кете алады.


Жаңа көліктерді бұдан былай онлайн тіркеуге болады

ERNUR.KZ. Электронды үкімет порталында дилерден сатып алған көлікті бастапқы деңгейде тіркеуге мүмкіндік беретін қызмет пайда болды, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақпарат көзінің хабарлауынша, автокөліктерді онлайн тіркеу қызметі Қазақстанда өндірілген көліктер үшін де, ел аумағына импортталғандары үшін де қолжетімді. Оны қолдану үшін дилерлік орталық egov.kz порталында көлік құралын тіркеуге өтінім беруі тиіс.

«Ол үшін порталда авторландырудан өтіп, «Көлік және коммуникациялар» бөлімінен «Қазақстан Республикасы аумағындағы ресми дилерлерден сатып алынған көлік құралдарын бастапқы тіркеу» деген айдарға өтіп, «Онлайн сұрау» батырмасын басу қажет. Артынша «Шанақ нөмірін» енгізесіз. «Шанақ нөмірі» сәтті тексерілген соң өтінімдегі барлық міндетті жолдарды толтыру керек. Осыдан кейін қажетті құжаттарды тіркейсіз де, сұранымда көлікті сатып алушының ЖСН-ін енгізу қажет. ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) арқылы қол қоясыз. Содан соң сатып алушыға растауға жіберу керек», - делінген хабарламада.

Әрі қарай сатып алушы «Қызметтерді алу тарихы» бөліміне өтіп, жеке кабинетіндегі рәсімделген сұраныммен танысуы тиіс. Артынша көлігіне нөмір таңдап, мемлекеттік баж салығы мен тіркеу жарнасын төлейді де, ЭЦҚ арқылы сұранымды растайды.

Сатып алушы дайын құжаттарды өзі тұратын өңірдегі мамандандырылған ХҚКО-нан алып кете алады.