Жаңа жәрдемақыға қатысты заң президентке жолданды

0
584

​Заң жобасының тағы бір жаңашылдығы – еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалту.


Жаңа жәрдемақыға қатысты заң президентке жолданды

ERNUR.KZ. Сенат азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп жазады sputnik.kz.

Заң жобасы аясында мүгедек адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері және басқа да санатқа кіретін азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру қарастырылған.

Атап айтқанда, I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын азаматтарға жаңа жәрдемақы түрін енгізу қарастырылып отыр. Оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,40, яғни, қазіргі көрсеткішпен 48 мың теңгені құрайды.

Заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектік тобын беру нормасы да бар. Бұдан бөлек, мүгедек балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-тен 37%-ке дейін көтеріледі. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедек баланы қамтиды.

Ал мүгедек бала ата-анасынан айырылса, оған тағы бір жәрдемақы тағайындалады. Осы норма енгізілгеннен кейін 2 мыңнан аса бала мүгедектігі бойынша жәрдемақыға қоса, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алады.

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығы сақталады. Сонымен қатар, заң жобасында мүгедектігі бар баланы күту кезеңін 16 жастан 18 жасқа дейін ұзарту көзделген. Ол зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақы тағайындау кезінде оң әсерін тигізеді.

Заң жобасының тағы бір жаңашылдығы – еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалту.

Сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді.