​Жас Отан: Елбасымен бір командада болу - біз үшін зор мәртебе

0
1 214

Данияр Сүндетбаевтың сөзінше, қазақстандықтарға ең үлкен аманат - мемлекеттің тәуелсіздігін сақтай отырып, дамуына, өркендеуіне бір кісідей атсалысу.


​Жас Отан: Елбасымен бір командада болу - біз үшін зор мәртебе

ERNUR.KZ. Елбасының Президенттік өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдемесіне қатысты «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев өз ойымен бөлісті , деп жазады BAQ.KZ.

«Президенттің бұл мәлімдемесі бәріміз үшін күтпеген оқиға болды. Біз, қазақстандықтар, қазіргі уақытта шынында да, тарихи сәтте өмір сүріп жатырмыз. Себебі, Қазақстанның мемлекеттілігін бекемдеген Елбасымен бір командада болу - біз үшін зор мәртебе. Тәуелсіз Қазақстанның дамуы, өркендеуі - үлкен бақытымыз деп санаймын», - дейді Данияр Сүндетбаев.

«Жас Отан» жастар қанатының төрағасының айтуына қарағанда, Кеңес Одағы тұсында Өзбекстан, Гүржістан, Украина елдері алдыңғы қатарлы елдер саналды да, Қазақстанға тек шикізат қоры ретінде қарады.

«Алайда Тәуелсіздік алғаннан кейін ТМД елдеріне ғана емес, бүкіл әлемге мемлекет бола алатынымызды дәлелдеп бердік. Президенттің арқасында қазақ халқы биік белестерді бағындырды. Қандай саланы алып қарасаңыз да, қазақ халқы ешкімнен кем еңбек етіп жатқан жоқ. Индустрия, ІТ саласы, спорт пен киноны меңгеруі - қазақ халқының мемлекет болып қалыптасқанының бір көрінісі», - дейді ол.

Данияр Сүндетбаевтың сөзінше, қазақстандықтарға ең үлкен аманат - мемлекеттің тәуелсіздігін сақтай отырып, дамуына, өркендеуіне бір кісідей атсалысу.

«Тәуелсіздік кезеңінде тәрбиеленген, өз ойын ашық айта алатын буын пайда болды. Қазіргі жастар басқаша ойлаймыз. Әр кезде өз ұлтымызды алдыңғы орынға қоямыз. Жаңаша ойлайтын жастармыз. Президент өзі айтқандай, мемлекеттің ең үлкен жетістіктерінің бірі, сөзсіз - Тәуелсіз Қазақстанның ойы озық жастарының тәрбиеленуі», - дейді Данияр Сүндетбаев.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігінен бас тартатыны туралы мәлімдеме жасап, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған болатын.