​Жеке кәсіпкерлікті тіркеу бір сағатта іске асырылатын болды

0
1 525

Депутаттың сөзіне қарағанда, заң жобасында әке болуды белгілеу мен асырап алуды мемлекеттік тіркеуді алып тастау көзделді.


​Жеке кәсіпкерлікті тіркеу бір сағатта іске асырылатын болды

ERNUR.KZ. Электрондық өтініштен кейін жеке кәсіпкерлікті тіркеу бір сағатта іске асырылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған заң жобасын талқылау кезінде мәлім болды, деп жазады ҚазАқпарат.

Мәжіліс депутаты Майра Айсина заң жобасының негізгі тұстарын атап өтті

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болғызбау және бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін тіркеуді толығымен электрондық форматқа көшіру әрі құжаттар тізбесін оңтайландыру көзделеді. Нәтижесінде, жеке кәсіпкерлікті тіркеу электрондық өтініш берілген кезден бастап қазіргідей бір күн емес, бір сағаттың ішінде жүзеге асырылатын болады», - деді ол.

Депутаттың сөзіне қарағанда, заң жобасында әке болуды белгілеу мен асырап алуды мемлекеттік тіркеуді алып тастау көзделген. Өйткені әке болуды белгілеу және асырап алу туралы шешім шығарған сот осы шешімді тіркеуші органға электрондық түрде жібереді.

«Бұл қағаз құжат айналымын едәуір қысқартып, бланкіге жұмсалатын шығындарды, адамдардың әртүрлі сатыға баруын азайтады. Бұған қоса, асырап алу құпиясы сақталады, себебі асырап алу/әке болуды анықтау туралы куәлік қолға берілмейді», - деді Майра Айсина.

Талқылаудан кейін палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған заң жобасы аясында зейнетақы құжаттарын рәсімдеуде өзгерістер болады.

Сонымен қатар, Қазақстан аумағындағы кез келген тіркеуші органға өткізуге болатыны айтылған еді.