Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының шарттары белгілі болды

0
618

Қолданыстағы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының шарттары белгілі болды.


Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының шарттары белгілі болды

ERNUR.KZ. Жақында сенатор Сұлтанбек Мәкежанов жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын сынға алды, деп жазады inbusiness.kz.

Сенат депутатының сөзінше, екінші деңгейлі банктер ұсынған жеңілдетілген автонесие көлемі халықтың сұранысын қанағаттандыра алмады. Оған autonesie.kz платформасында 18 секунд ішінде аяқталған лимит мөлшері дәлел, деп айтты ол.

"2015 жылдан бастап мемлекет жеңілдетілген автонесие беру арқылы отандық автоөндірушіні қолдаудың нарықтық тетігін қолданып келеді. Біздің мемлекет отандық автоөндірушіні қолдай отырып, осында өндірілетін өнімнің қазақстандық құрамдас бөлігі арта түсетініне сеніп отыр. Мемлекет қаржыландыратын жеңілдетілген несие отандық автомобиль өндірісін дамытуға іс жүзінде әсер еткен жоқ деп айтуға болады", - деді депутат.

Сұлтанбек Мәкежанов жеңілдетілген автонесиелеудің және жалпы автомобиль өндірісі саласының тағдырына қатысты Үкіметке бірқатар ұсыныс тастады. Айтуынша, еліміздегі жеңілдетілген автонесие беру автомобиль паркін жаңарту мен халықты автокөлікпен қамтамасыз етуді арттыру мақсатын көздейді.

"Мемлекет автопаркті жаңарту үшін сырттан әкелінетін автокөлікке бастапқы тіркеу енгізді. Бастапқы тіркеу құны әкелінетін автомобильдің шығарылған жылына байланысты. Ол бойынша ескі көлік әкелу тиімсіз болуы керек еді, алайда іс жүзінде бұл барлық көліктің қымбаттауына әкеліп соқты. Утильалымды енгізу де көлік бағасының өсуіне айтарлықтай әсерін тигізді", - деп қорытындылады сенатор.

Депутат көтерген мәселеге қатысты автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірін білдік.

"Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы (ред. - "Өнеркәсіпті дамыту қоры" іске асырған) былтырғы жазда жабылды. Бұдан былай бағдарлама халықтың көлік сатып алуын қаржыландырмайтыны, қаражат қоғамдық көлікті сатып алуға бағытталатыны хабарланды. Осылайша қазақстандықтардан жаңа көлік сатып алудың ең тиімді мүмкіндігін алып қойды. Күндердің күнінде Үкімет осы бағдарламаға қайта оралады деген үміт бар", - деді сарапшы.

Алексей Алексеев Қазақстандағы автомобиль паркі саласындағы мәселелерді атады. Сөзінше, елдің көлік паркін жаңарту үшін жаңа көлік сатып алуды ынталандыратын шаралар болуы тиіс. Сонымен қатар жүйенің өзі көлік иелерін ескі-құсқыдан арылуға итермелеуі керек.

"Бірақ барлық жеңілдетілген бағдарлама жабық. Ынталандырудың орнына бізде импорттық баждар, утильалым және бастапқы жарна құны жоғары. Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аз да болсын, көлік паркін жаңартуға мүмкіндік берді. 2023 жылы жағдай қалпына келіп, Қазақстанның көлік нарығы рекорд орнатты. 200 мыңға жуық жаңа көлік сатылды. Бірақ елдің 5 миллиондық автомобиль паркі үшін бұл жеткіліксіз. Бізде көліктердің 60%-ы 10 жылдан асады, 20 жылдан асатын көліктер – 50%. 2025-2026 жылдары Қазақстанда 3-4 көлік зауыты салынады. Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы отандық автомобильдердің жаппай шығарылымы басталуымен қайта жандануы мүмкін немесе сатуды ынталандырудың жаңа шаралары қажет болады", - деді автосарапшы Алексей Алексеев.

Айта кету керек, былтыр Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов елімізде жеңілдетілген автонесиелеу бойынша 2 бағдарлама бар екенін айтқан болатын. Оның бірін "Қазақстанның Даму Банкі" жүзеге асырса, екіншісі "Өнеркәсіпті дамыту қорымен" іске асырылды. Екінші бағдарламаның қаражаты өңірлердегі қоғамдық көлік паркін жаңғыртуға бағытталған да белгілі болды. Ал "Қазақстанның Даму Банкі" іске асыратын бағдарлама өзгеріссіз қалған.

"Қазақстанның Даму Банкі" – 2015 жылдың 20 сәуірінде іске қосылған жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасының операторы. Бағдарлама аясында Банк екінші деңгейлі банктерден келіп түсетін өтінімдерді түпкілікті қарыз алушылар үшін қаржыландырудың келесі шарттарына сәйкестігін тексеруде үйлестіруші. Атап айтқанда, отандық автокөлік маркасы, автокөліктің 1 бірлігінің ең жоғары құны, сыйақы мөлшерлемесі, несиелеу мерзімі. Жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қарастыру, тексеру және олардың қарыздарын мақұлдауды екінші деңгейлі банктер жүргізеді. Жеке тұлғаларға отандық жеңіл көлікті сатып алуға несие беру шарттары: сыйақының номиналдық мөлшерлемесі жылдық 4%-дан аспайды, бұл ретте жылдық тиімді мөлшерлеме (автокөлікті сақтандыру және кепілге ресімдеу жөніндегі шығындармен) жылдық 7,5% аспауға тиіс. Кредиттеу мерзімі – 7 жылдан аспайды, қарыз теңгемен беріледі, жеңіл автокөліктің бір бірлігінің құны 15 млн теңгеден аспайды", - деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

"Қазақстанның Даму Банкінің" дерегінше, 2024 жылдың 24 қаңтарындағы жағдай бойынша (2015 жылдан бері) бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктер отандық автоөндірушілердің көліктерін сатып алуға жалпы сомасы 208 млрд теңгеге 35 433 қарыз берген.