Жер 2026 жылдың соңына дейін жекеменшікке берілмейді

0
569

​Отандық журналистиканың беделін енді ештеңе көтере алмауы мүмкін.


Жер 2026 жылдың соңына дейін жекеменшікке берілмейді

ERNUR.KZ. Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды, деп жазады inbusiness.kz.

Естеріңізге салайық, Жер кодексінің жекелеген баптарын қолдануға 2016 жылы жарияланған мораторий 2021 жылы 31 желтоқсанда аяқталады. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзінше, Мемлекет басшысы биыл 13 мамырда ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға беруге және сатуға толық тыйым салуды көздейтін тиісті заңға қол қойды.

«Қазақстандықтарға қатысты мораторий нормалары бойынша, сондай-ақ жер заңнамасын жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Жер реформасы бойынша комиссия құруды тапсырды. Барлығы Жер комиссиясының құрамына 80 адам кірді, олардың 75% азаматтық қоғам өкілдері және тәуелсіз сарапшы болды. Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысы көпшілік алдында жүргізілді, оның барлық отырыстары онлайн режимде көрсетілді және әлеуметтік желілерде жарияланды», – деді Сапархан Омаров.

Министр жер реформасы жөніндегі комиссия 25 наурыз бен 24 сәуір аралығында жұмыс естегенін тілге тиек етіп, комиссияның 5 отырысында 120-дан астам ұсыныс жасалғанын жариялады.

«Әзірленген заң жобасының мақсаты – жер заңнамасын жетілдіру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу институтын реттеу және жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды күшейту. Заң жобасының негізгі өзгерістері мен толықтыруларына тоқталсақ, қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру, жалға алу мерзімі аяқталған кезде оны жаңа мерзімге ұзарту құқығын беру, сондай-ақ мемлекеттен сатып алмай, жер пайдаланушылар арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жалдау құқығын иеліктен шығару. Бұл ретте, оларды пайдалану мерзімі кемінде 5 жыл, сондай-ақ жер қатынастары органдарын хабарлау міндетті шарт болып саналады», – деді Сапархан Омаров.

Оның айтуынша, құжатта жер ресурстарын басқару комитетіне жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын әкімдіктерден қайтару, ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын «бақ шаруашылығы» және «саяжай құрылысына» өзгертуге тыйым салу, халықтың мұқтажын қанағаттандыру мақсатында, жергілікті жағдайды ескере отырып, жайылымды басқару жөніндегі жоспарларда қажетті жайылым алқабының шекарасын айқындау, берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері туралы мәліметті мемлекеттік жер кадастрының интернет ресурсында ашық орналастыру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді қазақстандықтарға жекеменшікке беруге мораторийдің қолданылу мерзімін 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту мәселесі нақтыланды.