«Фирма Алекри» ЖШС өңірдегі ірі құс фабрикаларының бірі. Жылына 150 млн-ға дейін жұмыртқа шығарады.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті құс фабрикасының жұмыртқасында сайлауға шақырған жазу пайда болды. Бұл оқиға қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.
«Маусымның 9-ы бәріміз сайлауға қатысайық» деген жазбасы бар жұмыртқа суреті әлеуметтік желілерде тарап кетті. Өнім - «Фирма - Алекри» ЖШС-нікі. Директор Александр Прядконың айтуынша, мұндай белгі Нұр-Сұлтан қаласына көрмеге апару үшін санаулы данаға ғана басылыпты.
«Парламент отырысында құс шаруашылығы мәселелері қаралды. Соған арнайы көрме әзірлейтін болдық. Біз ерекшеленейік деп шамамен 30-40 жұмыртқаға түрлі жазбалар бастық. Оның ішінде сайлауға шақырудан басқа «Алға, Қазақстан!» деген жазулар да бар. Бұл - жұрттың осынша қызығушылығын тудырады деп ойламаппын», - дейді кәсіпкер.
Бұған дейін жұмыртқа бетінде 9-мамыр - Жеңіс күнімен құттықтаған жазбалар шыққан екен.
«Әр мерекеде біз осылай жазамыз. Бірақ оны тек бірнеше данамен ғана шығарамыз. Туған-туыстарымызды, достарымызды құттықтау үшін», - дейді Александр Прядко.
«Фирма Алекри» ЖШС өңірдегі ірі құс фабрикаларының бірі. Жылына 150 млн-ға дейін жұмыртқа шығарады. Өнімі негізінен экспортқа бағытталған. Қырғызстанға, Тәжікстанға, Ауғанстанға және негізгі бөлігін Ресейге сатады екен.