Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің міндеті - Мемлекет басшысы

0
1 532

Білімі терең, ойы озық ұрпақ тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі.


Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің міндеті - Мемлекет басшысы

ERNUR.KZ. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің негізгі міндеті. Бұл туралы бүгін Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Мағжан Жұмабаев "Педагогика еңбегінде": "Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті" - деді. Ата-бабаларымыз аманат етіп кеткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау ең алдымен жас буынға артылатын зор міндет. Кейінгі ұрпақ Тәуелсіздігіміздің туын әрқашан жоғары ұстауы тиіс», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Осы орайда Мемлекет басшысы қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелетіндігіне назар аудартты.

«Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс», - деді Қ.Тоқаев.

ҚР Президенті қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керектігін баса айтты.

«Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болу тиіс. Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақ тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз Қазақстанның жарқын болашағы. Сапалы білім жетістіктерге жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің негізгі міндеті», - деді Мемлекет басшысы.