Жетісуда «Заң бойынша жер» пилоттық жобасы іске асырылады

0
367

Жалпы Жетісу облысында биылғы жылдың басынан бері жер бөлуге қатысты 28 конкурс өткізілген.


Жетісуда «Заң бойынша жер» пилоттық жобасы іске асырылады

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауында жер ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі екенін және оны тиімді пайдаланудың маңызын ерекше атап өткен болатын.

Осы орайда Жетісу облысында «Заң бойынша жер» пилоттық жобасы іске асырыла бастайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін бөлудің барлық процедурасы цифрландырылған бұл жобаны әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында облыс прокуратурасы мен облыстық жер қатынастары басқармасы бірлесіп қолға алған, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Жоба республикада бірінші болып пилоттық режимде алдағы қараша айында Сарқан ауданында жүзеге асырылмақ. Ол өз тиімділігін көрсетсе, келесі жылдан бастап ел аумағында іске қосылады деп жоспарланған.

Осы ретте Жетісу облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Әпеков пилоттық режимдегі конкурсты өткізудің ерекшеліктері туралы кеңінен түсіндіріп берді.

- Жергілікті жерде кемінде 5 жыл тұрған азаматтар мен кәсібін бастағанына үш жылдан аспаған кәсіпкерлерге артықшылық беріледі. Оған қоса егістік жерлер үшін техникаларының қуаттылығы, жайылым жерлер үшін мал басының саны, соның ішінде техника мен малдың кемінде он екі ай бұрын тіркелгендігі есепке алынады. Тіпті шаруашылықтағы қызметкерлер саны, олардың зейнетақы мен салық аударымдарының болуы да ескеріледі. Осының бәріне белгілі деңгейде балл беріледі. Бұл түптеп келгенде ауыл шаруашылығын тиімді дамытуға бағытталып отыр, – дейді Ермек Әпеков.

Басқарма басшысының айтуынша, электронды конкурстың өткізілу процесіне жергілікті атқарушы органның қызметкерлері қатыспайды және онда бұрынғыдай инвестиция көлемі ескерілмейді. Оған қоса ірі жер көлемінің бір қолда шоғырлануына да жол берілмейді. Сондай-ақ конкурсқа қатысушылар түрлі анықтамалар мен құжаттар жинап әуреленбейді, себебі цифрлық жүйе ауыл шаруашылығы, әділет, қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің деректер базасымен интеграцияланған.

Қазіргі қолданыстағы конкурс тікелей комиссия мүшелерінің қатысуымен, яғни адам қолымен атқарылатындықтан, онда жемқорлық тәуекелдері жоқ дей алмаймыз дейді облыстық прокуратура өкілдері. Олар талдау барысында ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу мәселесі қоғамда жиі көтерілетінін анықтаған.

- Бұл орайда біз жер қатынастары басқармасымен бірігіп, конкурс өткізудің цифрлық жүйесі жобасына кірістік. Бұл жерді бөлудің ескірген тәсілінен бас тартып, оны толық автоматтандыруға қол жеткізуге бағытталған. Конкурсқа рейтингтік-балдық жүйе енгізіліп, оның қорытындысы адамның қатысуынсыз бірден жарияланады. Бұл енгізілген жаңашылдықтар жемқорлықтың алдын алуға, бизнесін жаңа бастаған және әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерлерді қолдауға, бизнес өкілдерінің өз ісін ашық жүргізуін ынталандыруға, шаруа қожалықтарында істейтін жұмысшылардың құқығын қорғауға оң ықпалы тигізеді деген сеніміміз бар, - деді облыс прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы бастығының орынбасары Б. Ерузаков.

Жер кодексіне сәйкес облыста нысаналы мақсаты мен пайдаланылу режимi бойынша жер аумағы 7 санатқа толыққанды бөлінген алғашқы аймақ Сарқан ауданы болғандықтан, пилоттық жобаға қатысушы ретінде таңдалып отыр. Жерді аумақтарға бөлу қазір тағы 4 ауданда – Ақсу, Көксу, Ескелді, Кербұлақ аудандарында жүргізіліп жатыр.

Жалпы Жетісу облысында биылғы жылдың басынан бері жер бөлуге қатысты 28 конкурс өткізілген. Оған 659 адам қатысып, оларға 84 мың гектардан астам жер бөлініп берілді.