Жезқазғанда қаза болған адамның смартфонын иемденген полицейлер сотталды

0
2 442

Олар смартфон арқылы микроқаржы ұйымдарынан жалпы сомасы 100 000 теңге рәсімдеп, өзара бөліскен.


Жезқазғанда қаза болған адамның смартфонын иемденген полицейлер сотталды

ERNUR.KZ. Жезқазған қалалық соты жергілікті полиция басқармасының ұрлық, алаяқтық және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталған екі қызметкеріне қатысты үкім шығарды, деп жазады Tengrinews.kz.

Қылмыстық іс материалындағы мәліметке сүйенсек, сотталушылар полиция басқармасының криминалисі болып жұмыс істеген. Бірі лейтенант, ал екіншісі полиция аға лейтенанты лауазымында қызмет атқарған. Тергеуде былтырғы 25 наурызда жедел-тергеу тобындағы лейтенант Жезқазған - Сәтбаев тасжолында болған ЖКО-ны тіркеген. Оқиға орнында қаза болған жүргізушіні көрген лейтенант көліктің жанынан ұялы телефонын тауып алады. Ол туралы әріптестеріне хабарлап айтудың орнына, телефонды табылған заттай дәлелдерге қосып жіберген.

Кейін марқұмның ұялы телефонын өзі иемденіп алған. 26 наурызда бұл туралы әріптесіне айтып, олар смартфон арқылы микроқаржы ұйымдарынан жалпы сомасы 100 000 теңге рәсімдеп, өзара бөліскен.

31 наурызда марқұмның телефонына жалақы түскені туралы хабарлама келеді. Хабарламаны көрген аға лейтенант Homebank қосымшасы арқылы марқұмның картасынан досының картасына ақша аударады.

Біраз уақыт өткеннен кейін полицейлердің қылмыстық әрекеттері анықталады. Күдіктілер прокурормен іс жүргізу келісімін жасап, өз кінәсін толық мойындады. Сол арқылы бас бостандығынан айыру түріндегі қатаң жаза жеңілдетіледі. Жезқазған қалалық соты оларды кінәлі деп танып, 3,6 жылға бас бостандығын шектеуге және лауазымынан айыруға үкім шығарды.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда ресейлік жол талғамайтын көліктерді ұрлауға қатысты полиция қызметкері сотталғаны хабарланған болатын. Сот мәліметінше, кроссоверді Павлодар қаласы әкімдігінің ТКШ бөлімі коммуналдық кәсіпорның айыппұл тұрағынан ұрлап кеткен.