Жол полицейлеріне алатаяқты қайтару ұсынылды

0
894

Ұсынысқа қозғалысты реттеу барысында жол-патрульдік полиция қызметкерлерін қағып кету оқиғаларының тіркелуі негіз болды.


Жол полицейлеріне алатаяқты қайтару ұсынылды

ERNUR.KZ. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Георгий Ким жол полицейлеріне алатаяқты қайтару мәселесін көтерді. Осы орайда Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолданды, деп жазады ҚазАқпарат.

Аталған депутаттық сауалға сенаторлардың өңірлердегі кездесуі кезінде көтірілген мәселелер, сонымен қатар қозғалысты реттеу барысында жол-патрульдік полиция қызметкерлерін қағып кету секілді оқиғаның тіркелуі статистикасы да негіз болды.

«Осыған байланысты тек жолдағы қозғалысты реттеу үшін алатаяқты (жезл) пайдалану дұрыстығын қарастыру ұсынылады», - деді Г. Ким.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ішкі істер органдарының қызметкерлері көліктерді тоқтату үшін арнайы таяқша қолданбай келеді. 2017 жылға дейін қолданылып келген полицейлердің алатаяқтары жинақталып, арнайы сақтау үшін қоймаларға жіберілген.

Атап айтқанда, биыл көктемде ҚР Парламенті Сенатындағы парламенттік тыңдауда көше қиылысында қозғалысты реттейтін полицейлерге алатаяқтарды қайтарып беру ұсынысы айтылған еді. Әсіресе, бұл алатаяқтардың түнгі уақытта қажеттігі сөз болды.