ЖОО-да «Оқулықтанушы» мамандығы енгізіледі

0
801

Бұл - оқулық авторларының әлеуетін көтеру мақсатында қолға алынған шара.


ЖОО-да «Оқулықтанушы» мамандығы енгізіледі

ERNUR.KZ. ЖОО-да «Оқулықтанушы» мамандығы пайда болмақ, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оқулықтарда кететін қателіктерге тікелей баспа орталығы жауапты. Егер де кітапта қате кететін болса, баспа орталығы оны жаңасына алмастыруы тиіс, деді ОКҚ-да өткен брифингте ҚР БҒМ «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев.

Маманның айтуынша, жергілікті әкімдіктер баспалармен келісімшарт құру барысында осы мәселені жіті ескерулері керек.

«Қай заманда болса да, қай мемлекетте болса да оқулықтарда міндетті түрде қате кетеді. Оның ішінде көбіне полиграфиялық қателер кетіп жатады. Авторларды оқымаған деп айтуға болмайды. Өйткені авторлардың барлығының тәжірибесі мол. Олар осы оқулық жазу жолындағы үлкен мектептен өткен адамдар. Биылдан бастап оқулық авторларын оқыту қолға алынды. Екі мекеме қазір оқыту жұмыстарымен айналысып жатыр. 400-ден аса үміткерлер оқулық авторлары болмақшы. Олардың барлығы оқудан өтті. Сонымен қатар оқулық авторларының әлеуетін көтеру бағытында педагогикалық ЖОО-да «Оқулықтанушы» деген мамандықты енгізу қолға алынды», – деді Ғани Бейсембаев.

Сонымен қатар, брифинг барысында мектеп оқулықтарында жиі кездесетін диалект сөздердің мәселесі де айтылды.

«Жалпы сөздікке қатысты, терминдерге қатысты біраз проблеманың бар екені рас. Бұл бағытта қазіргі таңда арнайы тілдік комиссия құрылды. Сол комиссия арқылы белгілі бір оқулыққа енгізілетін сөздердің шеңбері бекітілетін болады. Сондықтан болашақта оқулықтарға енгізілетін жаңа сөздер немесе сөздіктердің бірізділігі қатаң сақталатын болады» - деді «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры.