Блогер Instagram желісіндегі парақшасында адам құқықтары, еркек пен әйелдің ара қатынасы, балаларға деген махаббат және көптеген медициналық тақырыптарды қозғауы арқылы танылды.
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілерде Дабыл Мартов атымен танылған блогердің соңғы жазбасы көпшілік оқырмандарын алаңдатып қойды. Отбасылық құндылықтар, адамгершілік, ізгілік және адами қарым-қатынастар туралы жазбаларымен көпшілік жүрегін жаулаған блогер соңғы рет 11 мамырда жазба қалдырған, деп жазады nur.kz.
Дабыл Мартов Instagram желісіндегі парақшасында адам құқықтары, еркек пен әйелдің ара қатынасы, балаларға деген махаббат және көптеген медициналық тақырыптарды қозғауы арқылы танылды. Бүгінде оның парақшасына 45 мыңнан аса оқырман жазылған. Дабылдың ерекшелігі – ол өзінің түр келбетін және кім екендігін ешқашан көрсетпеген. Сондай-ақ, оқырмандар оның медицина тақырыбында еркін сөйлейтініне қарап, блогерді дәрігер болуы мүмкін деп те болжаған болатын.
Күнделікті сториздерде оқырмандардың қызықты сұрақтарына ұтымды жауап беріп, ара-арасында оқырман қыздарымен шай ішкенді ұнататын Дабыл Мартовтың 11 мамырдағы жазбасы көпшілікті алаңдатып қойды. Ол аталған постта өзінің жақсы өмір сүргенін, балаларды жақсы көргенін айтып, көпшілікке аз да бола білім бере алғанына қуанатынын жеткізген.
«Мен өзімнің істеген нәрселерім үшін жеткілікті, ал әлі де істей алатын, шамам жететін нәрселер үшін жеткіліксіз өмір сүрдім. Меніңше, қызықты тұлға әрі ерекше адам болған сияқтымын. Кейбіреулер мені шыдауға тұрмайын тақуа адам санаса, енді бірі мені керемет ақылды деп ойлады. Ал өзімді жақсы білетін адам ретінде тақуа да, данышпан да болмағанымды айтқым келеді. Мен өз жұмысымнан рахат алатын адам болдым. Мен өзімді гедонист санайтынмын әрі өзімнің рахатым үшін жұмыс істедім. Артымда менің блогым қалды. Басқаларды бақытты болуға үйрету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бұл қолымнан келді деп үміттенемін», - дейді ол соңғы жазбасында.
Оқырмандар Дабыл Мартовтың бұл жазбасын екіұдай күйде қабылдауда. Олар блогердің әлеуметтік желіден кеткенін немесе өмірден өткенін түсіне алмай дал.
«Сіз қайдасыз?», «Сізде бәрі жақсы деп үмітенемін», «Сіздің сториздеріңізді сағынып отырмын», «Сіз байланысқа шығады деп сенемін» деген сыңайдағы пікірлерді блогер парақшасынан оңай табуға болады.
Ал соңғы жазбасына блогер пікір жазу мүмкіндігін алып тастаған. Сондай-ақ, сол күні оқырмандар блогердің сторизде ерекше жазба қалдырып, кейін өшіріп тастағанын айтуда. Ол: «Егер сізде рак деп айтса, не істер едіңіз», - деген жазбасын қалдырып, кейін алып тастаған.