Мас күйінде көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан айырылғандардың саны 4,5 есеге ұлғайды.
Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің төрағалығымен кеңейтілген алқа отырысында прокуратура органдарының 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысы қорытындыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Алқа отырысында мәлім етілгендей, қоғамдық мүдделерді қорғау саласында мемлекеттік бюджетке 11 млрд теңгеден астам қаражат өтелді. 405 мың жұмыскердің пайдасына 3,4 млрд теңге жалақы берешегі өндірілді.
Мобильдік топтар 70 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын бұзудың жолын кесіп, 26 млн теңгеден астам сомаға 29 мың әкімшілік өндірістің күшін жойды.
Қылмыстық заңнаманы қатаңдату нәтижесінде мас күйінде көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан айырылғандардың саны 106-дан 473-ке дейін, яғни 4,5 есеге ұлғайды, кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету істері бойынша барлық 113 педофил түзеу мекемелеріне қамалды.
Қылмыстық процесте тергеудегі прокурорлық қадағалаудың сапасын арттыруға аса назар аударылды.
«Ашықтықты қамтамасыз ету және азаматтар мен бизнес құқықтарының бұзылуына жедел ден қою үшін цифрлық технологияларды кеңінен қолдану қажет», - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар Ғизат Нұрдәулетов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, дағдарысқа қарсы шаралардың іске асырылуын бақылау, дәрі-дәрмекпен, медициналық қамтамасыз ету, жер заңнамасын сақтау жөніндегі Президенттің тапсырмаларын сапалы орындау қажеттігін атап өтті, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсу себептеріне талдау жүргізуге бағдар берді.