Жыл басынан бері 9 судья қызметінен босатылған

0
408

47 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылған.


Жыл басынан бері 9 судья қызметінен босатылған

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері Жоғары Сот кеңесі 9 судьяны қызметінен босатты, деп жазады inbusiness.kz.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жоғары Сот кеңесі мүшелері тәртіптік жауапкершілікке тартылған судьялар туралы журналист сұрағына жауап берді.

"Істі қарау кезінде заңнаманы өрескел бұзуға жол берген судьялар ғана тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бірақ бұл апелляциялық немесе кассациялық соттың қаулысында көрсетілуі керек. 2019 жылы – 60 адам, 2020 жылы – 66 адам, 2021 жылы – 71 адам, 2022 жылдың 10 айында 47 адам жауапқа тартылды. Оның ішінде 2019 жылы – 12 адам, 2020 жылы – 12 адам, 2021 жылы 2 адам қызметінен босатылды. Ал жыл басынан бері 9 адам лауазымынан босатылды", - деді Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Нұрия Сисенова.

Оның айтуынша, жауапқа тартылған судьялардың негізгі бөлігі аудандық соттардың судьялары көрінеді.

"Сыбайлас жемқорлық қылмыстар және сыбайлас жемқорлық теріс әрекет Сот жюриінде қаралмайды. Істерді қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзу, судьялық әдеп кодексін бұзу ғана сот жюриінде қарауға негіз бола алады", - деп толықтырды спикер.

Жоғары Сот Кеңесінің тағы бір мүшесі Айгүл Қалимұқашева өрескел заң бұзушылыққа жататын қандай әрекет түрлеріне тооқталды.

"Жергілікті облыстық соттардың аппеляциялық алқасында немесе кассациялық алқасында судья тарапынан өрескел заң бұзушылықты жібергендігі туралы сот актісінде көрсетілуі керек. Өрескел заң бұзушылыққа нелер жатпайды? Оның ішіне дәлелдемелерді бағалау бойынша судьяның пікірі өрескел бұзушылыққа жатпайды. Өрескел бұзушылық заң талаптарының, мысалы, қылмыстық процестік кодекстің, азаматтық процестік кодекстің заң талаптарын бағалаумен байланысты емес заң бұзышылықтар болып есептелінеді. Сот ісін қараған кезде судья сот актісін, шешімін шығарады, оны жариялайды. Егер өрескел бұзушылықтар аудандық судьялардың тарапынан жіберілген кемшіліктер болса, онда осы өрескел бұзушылық облыстық сотта талқыланады. Одан кейін сот жюриіне жіберу қажеттілігі бар ма, жоқ па – бұл шешімді қабылдайды", - деді Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Айгүл Қалимұқашева.