Жылдамдық асыратын жүргізушілерге қарсы жаңа жүйе енгізіліп жатыр

0
637

Елімізде видеоталдау жүйесі енгізіледі.


Жылдамдық асыратын жүргізушілерге қарсы жаңа жүйе енгізіліп жатыр

ERNUR.KZ. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бүгінде ондаған, тіпті жүздеген мың видеокамера бар және олардың әрқайсысындағы ақпаратты талдау мүмкін емес. Сондықтан да видеоталдау жүйесі болуы қажет. Бүгінде ол ІІМ Жедел бақылау орталығының базасында құрылып жатыр. Ол қаншалықты нақты болған сайын, құқықтық тәртіптің жақсаруы да соншалықты тиімді бола түседі. 10 мониторды қадағалап отырған адамның жұмыс тиімділігі 15 минуттан кейін 10 пайызға дейін құлдырайтындығы дәлелденген», - деді министр «Жасанды интеллект және сот пен құқық қорғау жүйесіндегі үлкен деректер: шындық және уақыт талабы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында.

Оның атап өтуінше, сондықтан да видеоталдау жүйесі біздің күнделікті өмірімізге міндетті түрде енгізілуі керек.

«Жол полицияларына айыппұл жазып беру үшін берілген қарапайым планшет превентивті талдау, превентивті жұмыс құралына айналуы тиіс. Адам 10 камера тұсынан сағатына 200 шақырыммен өтіп, айыппұл төлеген соң жөніне кете беретін жайттар жиі болады. Мұндай жайттың алдын алу үшін не істеу керек? Егер, адам 3-4 камера тұсынан өте жоғары жылдамдықпен өтсе, онда сол жерде тұрған жасақтан ақпарат бірден планшетке түсуі тиіс. Автомобиль қандай көше қиылысында болатындығы көрсетіліп, келесі жасақ оны тоқтатуы қажет. Қазірдің өзінде ІІМ-мен мұндай әзірлемені сынақтан өткізіп жатырмыз және ол өзін оң жағынан көрсетіп отыр», - деді Бағдат Мусин.