Сот ер адамға тағылған айып толық дәлелденді деген шешім шығарып, оны екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.
ERNUR.KZ. Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында кәсіпорынға мина қойылғаны жөнінде жалған хабар берген тұрғын екі жылға сотталды, деп жазады sputnik.kz.
"2022 жылғы 20 желтоқсанда Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің "102" пультіне белгісіз адам қоңырау шалып, жылу станциясы ғимаратына жарылыс зат қойылғаны туралы хабарлады.
Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша тіркелді.
Оқиға орнына полиция және арнаулы қызмет мамандары барып, тексерді. Хабарлама расталмады.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол мас күйде жалған хабарлаған Сәтбаев қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты", - делінген ақпаратта.
Полиция мәліметінше, ер адам кінәсін мойындаған. Ол жұбайымен жанжалдасып қалғаннан кейін ішімдік ішіп, полицияға мина туралы қоңырау шалған.
Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Сот ер адамға тағылған айып толық дәлелденді деген шешім шығарып, оны екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.
"Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Ұлытау облыстық Полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін жауапкершілік туралы ескертеді. Ол үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған", - деді полициядан.