Жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін қылмыстық жаза енгізіледі

0
770

Қазақстанда арнайы заң жобасымен алғаш рет жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін қылмыстық жаза енгізіледі.


Жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін қылмыстық жаза енгізіледі

ERNUR.KZ. Қазақстанда жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін қылмыстық жаза енгізу жоспарланып отыр. Парламент мәжілісі тиісті заң жобасын әзірлеуге кірісті, деп жазады sputniknews.kz.

Мәжілістің бүгінгі пленарлық отырысында депутаттар қылмыстық заңнаманы жетілдіру аясында сексуалды сипаттағы әрекеттер үшін жазаны күшейту бастамасын көтерді. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, арнайы заң жобасымен алғаш рет жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін қылмыстық жаза енгізіледі.

"Заң жобасына "сексуалды әрекетке мәжбүрлеу" деген түсінік енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, адам зорлау сияқты аса ауыр қылмыс жасағандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынан айыру қарастырылған. Ал кәмелет жасқа толмағандарға қатысты ондай қылмыс жасаған адамдар күштеп химиялық кастрацияға жіберіледі. Олардың психикалық жағдайына мән берілмейді", - деді Әбдіров.

Татуласуға жол берілмейді

Өткен жылдың соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық заңнаманы жетілдіруге арналған заңға қол қойған болатын. Биылдан бастап жыныстық қатынасқа қатысты қылмыстар ауыр қылмыс санатына өтті. Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыстар аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылады.

"Сосын педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны, жасырғаны үшін, жасырып қана қоймай, біліп тұрып, хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделген. Бұл әрекеттер ауыр қылмыстар санатына кіреді. Мысалы, баланың зорланғаны туралы хабар бермегендер алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - дейді прокурорлар.

Осы санаттағы ауыр қылмыстар бойынша татуласуға жол берілмейді. Ал балаларды зорлағаны үшін жаза мерзімі 20 жылдан басталады. Бұрын балаларды зорлау қылмысы бойынша жаза мерзімі 15-20 жыл аралығында, одан кейін жоғары кете беретін. Енді, тек 20 жыл және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы болады. Баланы өлтіргені үшін тура сондай жаза қарастырылған.