Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін енгізілетін біріңғай салықтың мөлшері айтылды

0
1 795

БЖТ сомасына жеке табыс салығы (10%), міндетті зейнетақы жарналары (40%), мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түсетін әлеуметтік төлемдер (10%), әлеуметтік сақтандыру қорына түсетін әлеуметтік аударымдар (40%) кіреді.


Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін енгізілетін біріңғай салықтың мөлшері айтылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарды «көлеңкеден» шығару бойынша қабылданып жатқан жүйелі шаралар туралы айтып берді,-деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Бейресми жұмыспен қамтылғандарды тіркеуді оңайлату және олардың қызметін заңдастыру үшін 4 төлемді (ЖТС, МЗЖ, ӘМСҚ және МӘСҚ жарналарын) біріктіретін арнайы салық режимін — Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізу ұсынылады.

БЖТ сомасына жеке табыс салығы (10%), міндетті зейнетақы жарналары (40%), мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түсетін әлеуметтік төлемдер (10%), әлеуметтік сақтандыру қорына түсетін әлеуметтік аударымдар (40%) кіреді.

БЖТ нормалары Салық кодексіне енгізіледі. Міндетті медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдар Салық кодексіне сәйкестендіріледі. Төлем тәртібі мен бөлу тетігі Үкімет қаулысымен анықталады.

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, БЖТ өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың негізгі санаттарына арналған, оларға жеке қосалқы шаруашылық қызметкерлері, отбасылық кәсіпорындардың ақысы төленбейтін жұмысшылары, жылына 100 ЕТЖ аз ақша айналымы ғана бар кәсіпкерлер жатады.

Норманы әзірлеушілердің пікірінше, БЖТ енгізу жоғарыда аталған санаттарды ресмилендіруге ынталандырады және оларды әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне тартуға, қаржылық жүктемені азайтуға және тіркеу, төлем жасау және әкімшілік процестерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бейресми жұмыспен қамтылғандар қызметін заңдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР тиісті Заң жобасы әзірленіп жатыр. Оны 2018 жылдың екінші тоқсанында Парламент Мәжілісіне ұсыну жоспарда бар.

Журналистердің БЖТ сомасы туралы сұрағына жауап берген вице-министр нақты соманың әлі бекітілмегенін айтты. Дегенмен төлемдердің шағын болатыны анық.

«Қала халқы үшін бұл 1 АЕК, ал ауыл тұрғындары үшін айына — 0,5 АЕК болуы мүмкін. Алдын-ала мәліметімізге сәйкес, кейбір жұмыс берушілер аталған соманы бейресми жұмыспен қамтылған жұмысшыларына өздері төлеуге дайын», — деп түйіндеді Нұржан Әлтаев.